Армения Қазақстаннан бидай жеткізуге мүдделі
Армения Қазақстанмен бірлесіп селекция және тұқым шаруашылығы мәселелерінде жұмыс істеуге, сондай-ақ ҚР-дан бидай жеткізуге мүдделі. Бұл туралы Арменияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Армен Гевондян ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы Айдарбек Сапаровпен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлады АШМ баспасөз қызметі.
«Қазақстан астық өндірісі мен экспорты бойынша жетекші орындардың бірін алады. Сіздің бидайыңызда глютеннің мөлшері жоғары, мен оны Арменияға жеткізуді ұйымдастырғым келеді. Осы мәселеге көмек көрсетуіңізді сұраймыз. Бізді Фитосанитарлық қауіпсіздік және ветеринария мәселелері де қызықтырады», - деді Армен Гевондян.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша 2023 жылдың қорытындысы бойынша АӨК өнімдерімен өзара сауда көлемі 0,8%-ға өсті. Арменияға экспорт 2,9 млн долларды, импорт 6,3 млн долларды құрады.
Министр атап өткендей, Қазақстанға Армениядан жаңа піскен жемістер мен ерте көкөністерді, жаңғақтарды жеткізу қажеттілігі бар. Бұл ретте ет және ет өнімдерін, күнбағыс майын экспорттау бойынша әлеует толық пайдаланылмайды.
«Аграрлық ғылым мен білімнің маңыздылығын назарға ала отырып, ғылыми-зерттеу қызметі, білім, тәжірибе және технологиялар алмасу саласындағы АӨК бағыты бойынша ынтымақтастықты жандандыруды ұсынамыз», - деді Айдарбек Сапаров.
Кездесу қорытындысы бойынша дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың құрғақшылыққа төзімді сұрыптарын селекциялау және тұқым шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу, ауыл шаруашылығы өнімі саудасының көлемін ұлғайтуға, тәжірибе мен технологиялармен алмасуға, сондай-ақ селекция, тұқым шаруашылығы және фитосанитариялық қауіпсіздік саласындағы бірлескен жұмысқа бағытталған бірлескен шараларды қабылдау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.