Тоқаев Қытайға жылына 2 млн тонна астық ұсынды
Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай нарығына жеткізуді ұлғайтуға ниетті. Астық экспортының көлемін 2 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер қорытындысы бойынша мәлімдеді.
«2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты екі есеге өсіп, 1 млрд долларға жетті. Біз Қытай нарығына сапалы табиғи ет өнімдерін, майлы және дәнді дақылдарды жеткізуді ұлғайтуды жоспарлаймыз. Астық экспортының көлемін 2 млн тоннаға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Си Цзиньпин мырзаға осы шараларды қолдағаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді», - деп атап өтті Қазақстан көшбасшысы.
Оның айтуынша, агроөнеркәсіптік кешенде бірқатар табысты бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.
«Бұл ретте ауыл шаруашылығында smart-технологияларды қолдануға, су ресурстарын ұтымды пайдалануға және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге ерекше назар аударылады. Қазақстан Қытай тәжірибесі мен инновацияларын енгізуге, сондай-ақ аграрлық салада бірқатар инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруға мүдделі», - деді Тоқаев.
Қазақстан Президенті Қытайдың Қазақстанның жетекші сауда серіктесі екенін атап өтті.
«Өткен жылы екіжақты тауар айналымының көлемі 41 млрд долларды құрады. Жақын арада біз бұл көрсеткішті екі есеге арттыруға ниеттіміз. Бізде бұл үшін жеткілікті әлеует бар. Бейжің - біздің негізгі шетелдік инвесторларымыздың бірі. Соңғы 15 жылда Қазақстанға шамамен 25 млрд доллар тартылды», - деді Тоқаев.
Ол 2023 жылы Қазақстан экономикасына Қытай инвестицияларының көлемі 16%-ға өсіп, 1,8 млрд долларға жеткенін айтты.
«Бүгінгі таңда жалпы сомасы 14,5 млрд доллар болатын 45 жоба іске асырылуда. Қытай капиталы бар 4700-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді», - деп атап өтті президент.