Ауыл шаруашылығы министрлігі астық экспортын субсидиялау қағидаларының жобасын жариялады
Биыл Қазақстанда рекордтық астық өнімі алынды. Бұл көлемді Қазақстан үшін дәстүрлі нарықтарға өткізу мүмкін болмайды. Сондықтан қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қара және Балтық теңіздерінің порттары арқылы экспорттау үшін көлік шығыстарын субсидиялауды енгізу туралы ұсыныс пайда болды. Субсидиясыз порттарға жеткізу өндірушілер үшін экономикалық тұрғыдан мүмкін болмайды.
Ұсыныс бірнеше ай бойы талқыланып, соңында үкіметтің қолдауына ие болды. Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі 2 желтоқсанда «Азық-түлік астығын тасымалдауға байланысты шығындардың құнын арзандатуға субсидиялар төлеу қағидаларын бекіту туралы» Үкімет қаулысының жобасын жариялады.
Бидайды тоннасына 20 мың теңге есебінен тасымалдау субсидиялауға жатады:
- РФ аумағы арқылы Ресейдің Қара және Балтық теңіздерінің порттары бағытында транзитпен;
- РФ, Латвия, Литва, Эстония аумағы арқылы Балтық теңізі порттары бағытында транзитпен;
- Оңтүстік-Шығыс Азия елдері бағытында ҚХР арқылы транзитпен;
- Түркіменстан арқылы Ауғанстан бағытында транзитпен;
- Әзірбайжан, Грузия, Армения бағытында;
- Иран бағытында.
Жобаға сәйкес, астықты тасымалдауды қағидалар шеңберінде бірыңғай оператор көлік экспедициясы шартының негізінде ұйымдастыратын болады. Субсидиялар алынғанға дейін және тасымалдау басталғанға дейін өнім беруші бірыңғай операторға жүктерді тасымалдаудың толық құнын төлеуі тиіс. Бюджеттік субсидиялар операторға төленетін болады, бірақ бұл субсидиялардың түпкілікті алушылары өнім берушілер болып табылады.
Іс-әрекеттің толық тәртібімен және құжаттар тізімімен осында танысуға болады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, Үкімет субсидиялаудың осы түріне республикалық бюджеттен 30 млрд теңге бөледі. Экспортты субсидиялау қосымша 1,5 млн тонна астықты экспорттауға мүмкіндік береді.