13 января 2025 Астық

Қытай қазақстандық арпаны импорттауға мүдделі

ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 2024 жылғы желтоқсанда Қытайға жұмыс сапары барысында Henan Agricultural Investment Capital Co. LTD өкілдерімен қазақстандық астықты жеткізу мүмкіндіктері туралы келіссөздер жүргізді. Өткен аптада компания өкілдері бірлескен жұмыс мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі зерделеу және қазақстандық нарықтың әлеуетін бағалау үшін Қазақстанға келді, деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Делегация мүшелерімен ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы кездесті.

«Қытаймен сауда қатынастары жыл сайын нығайып келеді. Біз барлық негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты жандандыруға мүдделіміз», - деп атап өтті Ермек Кенжеханұлы.

Henan Agricultural Investment Capital Co. LTD бас директорының орынбасары Чэнь Хуайань айтқандай, компанияның құрамына ҚХР, Қазақстан және Таиландтағы бидай, жүгері, майбұршақ, арпа, ет және тыңайтқыштар саудасымен айналысатын бес ұйым кіреді. Қазір арпа мен маштың импортын қоса алғанда, халықаралық сауданы кеңейту бойынша шаралар қабылдануда.

Кездесу соңында тараптар астық, арпа жеткізу және инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша екіжақты өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруға дайын екендіктерін білдірді.