Маңғыстауда тоқтап тұрған астық терминалы іске қосылды
2018 жылы жұмысын тоқтатқан Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы астық терминалы қызметін қайта бастады. Терминалға 10 вагон немесе 700 тонна бидай келді, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Астық терминалын пайдалануға беруді «Еуразия Транс Логистик» ЖШС «Каспий» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп қамтамасыз етті.
«Ұзақ уақыт жұмыс істемей тұрған астық терминалы қайта пайдалануға берілді. Елеулі жұмыс атқарған азаматтар мен кәсіпорын мамандарына алғыс айтамыз. Біздің зауыт бұдан былай тоқтамайды және Қазақстанда өндірілген «Бейнеу ұны» бренді әлемге белгілі болады деп үміттенеміз», - деді іске қосу рәсімінде аудан әкімі Рахымжан Шалбаев.
Бейнеу астық терминалы – Маңғыстау облысында орналасқан стратегиялық маңызды объект. Оның жалпы ауданы 26 га құрайды. Бұл өзінің жылжымалы құрамы және Қазақстан-Түрікменстан шекарасына тікелей қол жеткізуді қамтамасыз ететін 8 шақырымдық темір жолы бар келешекті логистикалық хаб.
Терминалдың қуаттылығы бір мезгілде 100 мың тонна астықты сақтауға және тәулігіне 320 тонна ұн мен 80 тонна кебек өндіруге мүмкіндік береді. Жаңғыртудан кейін бұл көрсеткіштер тиісінше 400 тонна ұн мен 240 тонна құрама жемге дейін ұлғайтылатын болады.