08:05 Астық

Ақмола облысында шамамен 6,8 млн тонна астық жинау жоспарлануда

2024 жылы Ақмола облысында соңғы маусымда рекордтық астық өнімі – 6,6 млн тонна жиналды. Болжам бойынша, ағымдағы жылы өнім былтырғыдан кем болмайды деп күтілуде, деп облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгінде Ақмола облысы Қазақстанның барлық бидайының төрттен бірінен астамын – шамамен 5,2 млн тонна, құс етінің 30% (жылына 125 мың тонна) және жұмыртқаның 16% (шамамен 690 млн дана) өндіреді. Жыл басынан бері агросектордың өнім көлемі 149-дан 161 млрд теңгеге дейін өсті.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, қазір өңірдегі күш-жігер АӨК-тегі көшбасшылық орынды нығайтуға және Алматы және Түркістан облыстарынан озуға бағытталған.

«Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап көктемгі егіс жұмыстарына ауқымды несие беру басталды: 900 шаруашылық 117 млрд теңгеден астам қаражат алды – бұл елімізде бөлінген қаражаттың үштен бірі. 2025 жылы облыстың агроөнеркәсіптік кешенін қолдау 230 млрд теңгеден асты - бұл субсидиялар, жеңілдікті несиелер және техника лизингі. Қазір былтырғы қателіктерді ескере отырып, егін жинау науқанына дайындық жүріп жатыр – егінді тасымалдау, сақтау және сату. Қолайлы ауа - райында біз былтырғыдан кем емес астық жинаймыз – шамамен 6,6–6,8 млн тонна астық», – деді Марат Ахметжанов.

Ол өңірде мал шаруашылығы да дамып келе жатқанын атап өтті. Сиырлардың саны 10%-ға (450 мыңнан астам бас), қойлар мен ешкілер – 15%-ға (725 мың бас), жылқылар – 10%-ға (294 мыңнан астам), құстар – 6%-ға (шамамен 10 млн бас) өсті.

«Өсудің маңызды драйвері сүт-тауар фермаларын салу және кеңейту болды. Өткен жылдың өзінде бұл салаға 15 млрд теңге салынды: жеті жоба қаржыландырылды, бес ірі кешен жұмыс істеп жатыр. Жыл соңына дейін тағы екеуінің құрылысы аяқталады. Барлық фермалар толық қуатқа шыққаннан кейін өңірде сүт өндірісі 40 мың тоннаға – 1,5 есеге өседі», - деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу дамуда. «Ақмола» индустриялық аймағында қытайлық Dalian компаниясымен бірлесіп астықты терең өңдеу бойынша ірі зауыттың құрылысы басталды. Жоба үш кезеңде іске асырылуда және болашақта жылына 3 млн тоннаға дейін астық өңдеуге мүмкіндік береді. Бірінші кезеңде зауыт 1 млн тоннаға дейін өнім шығарады және мыңнан астам жұмыс орнын ашады.