Тоқаев Ресейге астық өңдеудің бірлескен кластерлерін құруды ұсынды
Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге астықты терең өңдеудің бірлескен кластерлерін құруды ұсынды. Ол Душанбеде өткен «Орталық Азия – Ресей» саммитінде осындай мәлімдеме жасады.
«Ресей әлемдегі ең ірі астық өндіруші және жеткізуші болып табылады. Қазақстан да осы көрсеткіш бойынша әлемдік көшбасшылар тобына кіреді. Осы саладағы біздің зор әлеуетімізді ескере отырып, астықты терең өңдеудің бірлескен кластерлерін құру жобасын қарастыруды ұсынамыз. Бұл бидай мен ұнды ғана емес, қосылған құны жоғары өнімдерді де шығаруға мүмкіндік береді», - деді ҚР президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің ауыл шаруашылығында бірлескен қызметте оң тәжірибесі бар екенін, бірақ инновацияларды бірлесіп енгізуге баса назар аудара отырып, әлдеқайда үлкен әсер алуға болатынын атап өтті.
«Біз агротехнологиялық стартаптарды құру, дәлме-дәл егіншілік технологияларын кеңінен қолдану, заманауи агрологиялық платформаларды дамыту және құзырет орталықтарын қалыптастыру, соның ішінде жасанды интеллектті пайдалану туралы айтып отырмыз», - деді ол.
Президент сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді сыртқы нарықтарда өзара бәсекелестікке түспей, жоғары технологиялық салаға айналдыруға шақырды.