10:08 Астық

Қазақстан жаңа егіннің 1,6 млн тонна астығын экспорттады

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ деректері бойынша, 2025 жылдың 1 қыркүйегі мен 19 қазаны аралығында Қазақстан жаңа егіннің 1,6 млн тонна астығын экспорттады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14%-ға артық (1,4 млн тонна). Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Көлемдердің негізгі өсуі Орталық Азия мен Кавказ елдері бағытында тіркелді. Өзбекстанға экспорт 41%-ға - 568 мың тоннадан 801 мың тоннаға дейін, Тәжікстанға - 3,8%-ға (236 мың тоннадан 245 мың тоннаға дейін), ал Қырғызстанға - 2,6 есе (17 мың тоннадан 45 мың тоннаға дейін) өсті», - деп атап өтті ведомствода.

Сондай-ақ Әзірбайжанға экспорт - 3,4 есе (11 мың тоннадан 38 мың тоннаға дейін), Ауғанстанға - 28,6%-ға (56 мың тоннадан 72 мың тоннаға дейін) және Түрікменстанға - 66,7%-ға (3 мың тоннадан 5 мың тоннаға дейін) өсті.

Естеріңізге сала кетейік, 20 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда 26,3 млн тонна астық бастырылған.