Бидай экспортына қосымша 7 млрд теңге бөлінді
Қазақстанның үкіметі алыс нарықтарға бидай экспортын қолдау үшін қосымша 7 млрд теңге бөледі. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қаражат көлік шығыстарын субсидиялаудың қолданыстағы бағдарламасы бойынша мемлекеттің міндеттемелерін толық жабуға, сондай-ақ басым шетелдік нарықтарға жеткізуді одан әрі ынталандыруға бағытталады. Дәнді дақылдардың жоғары өнімділігін және шетелдік сатып алушылар тарапынан қазақстандық астыққа деген сұраныстың артуын ескере отырып, қосымша қаржыландыру қажет болды», - деп түсіндірді үкіметте.
Министрлер кабинетінің мәліметінше, ағымдағы жылы бидай экспорттаушылардың көлік шығындарын субсидиялауға үкімет резервінен 31 млрд теңге бағытталды. Бұл қаражат қазақстандық өнімнің жаңа экспорттық бағыттарға шығуын, бұрын жоғалған нарықтарға жеткізілімдерді қалпына келтіруді және баламалы логистикалық бағыттар бойынша алыс шет елдерге экспорт көлемін ұлғайтуды қамтамасыз етті. Іске асырылған шаралардың қорытындысы бойынша жаңа және қалпына келтірілген нарықтарға жеткізу көлемі 2,5 млн тоннадан асты.
Сонымен қатар, бұған дейін көлік шығыстарын субсидиялаудың бағдарламасын 2026 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылданған болатын, оған сәйкес қаржыландыру кемінде 30 млрд теңге көлемінде қарастырылған.