Алматы облысында тағы бір «ақылды» сүт фермасы іске қосылады
Алматы облысында 25-30 тонна сүт өндіретін тағы бір «ақылды» сүт фермасы ашылады. Бұл туралы «Хабар 24» хабарлайды.
Аталған ферма елорда күніне орай ашылады деп жоспарлануда. Онда қондырғылар орнатылып, сиырлар әкелінуде. Швиц және симменталь тұқымды сиырлар мамыр айында Австриядан әкелінген болатын, ал қазіргі уақытта малдар карантиндік бақылаудан өтуде. Жақында сиырлар төлдей бастайды.
«Бұл тұқымды сиырлардың артықшылығы көп. Олар жергілікті климатқа жақсы бейімделеді, сүттерінің құрамында майдың мөлшері жоғары. Күй талғамайтын малдар. Бірінші жылы әр сиырдан 25 литрден сүт аламыз ал екінші және үшінші рет төлдегеннен кейін сүт өнімділігі 33 литрге дейін артады деп күтудеміз», - дейді мал дәрігері Рауан Исақұлов.
Әзірше бұл шаруашылықта 500-ге жуық сиыр бар, жыл соңына дейін олардың саны 1200-ге дейін көбейтіліп, күніне 25-30 тонна сүт алуға болады. Алдымен сүт Алматыға жеткізілетін болады, бірақ алдағы уақытта өз сүт зауытын салып, олар кластер өндірісіне көшетін болады.
Шаруашылықта озық технологиялар орналастырылған. Ферманың жем дайындайтын базасы бар: бүріккіштермен суарылып, шөп өсіріліп, жылына бес рет шөп шабылады. Сондай-ақ сүт сауу процесі автоматтандырылған, ол үшін фермада айналып тұратын құрылғы орнатылған, бір уақытта 36 сиырды саууға мүмкіндік бар.
«Әр сиырдың өз чипі болады. Ал сиыр қанша сүт бергендігін оператор біліп отырады. Егер сиырда мастит ауруы анықталса, «айналмалы» қондырғы дереу операторға сигнал жібереді. Сиыр бірден бөлек торға қамалып, ветеринар дәрігер қарап, емдейді», - дейді ферма басшысы Жәнібек Оханов.
Жалпы, Алматы облысы алдағы екі жылда сүт өндірісін 900 мың тоннаға дейін және өңдеу деңгейін 35% дейін арттыруды жоспарлап отыр. Ал 2025 жылға қарай тағы 150 сүт фермасы ашылады, содан кейін аймақтағы сүт тапшылығы мәселесі толығымен шешіледі.