Қазақстанда су тасқынынан қырылған мал саны 8 мыңнан асты
Қазақстандағы су тасқыны ауданында 88 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіз қашықтыққа айдалды. Сонымен қатар, жедел деректер бойынша, судың келуінен 8,1 мың бас мал, оның ішінде ұсақ мал – 6 мың бас, ІҚМ – 1,5 мың бас, жылқы – 514 бас өлді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Республикалық эпизоотияға қарсы жасақтың қызметкерлері жануарлардың мәйіттерін кәдеге жарату бойынша күшейтілген жұмыстар жүргізуде. Бүгінгі таңда 4,1 мың бас кәдеге жаратылды.
Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб құлаған мал иелеріне өтемақы төлеу бойынша алгоритм әзірледі. Өңірлердегі жергілікті атқарушы органдар залалды анықтау жөніндегі комиссиялар құрды.
«Су тасқыны салдарынан қаза тапқан ауыл шаруашылығы жануарларының иелері жануарлар бойынша деректерді көрсете отырып, жергілікті комиссияға өтінішпен жүгінуі қажет. Ауыл шаруашылығы жануарларын иелену фактісі комиссиялардың актілерімен расталатын болады. Иелеріне өтемақы мөлшері Ұлттық статистика бюросы жариялайтын түрлер мен жыныстық-жас топтары бөлінісінде жануарлардың нарықтық құны туралы деректер негізінде айқындалатын болады», - деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрлігінде.
Сондай-ақ, ведомство өңірлердегі эпизоотиялық жағдай мен ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне келтірілген залалды өтеу мәселелері тұрақты бақылауда екенін атап өтті.