Қазақстан Франциядағы мал шаруашылығы саммитінің құрметті қонағы болады
33-ші мал шаруашылығы саммиті 2024 жылдың 1-4 қазаны аралығында Францияның Клермон-Ферран қаласында өтеді. Қазақстан оның құрметті қонағы болады, деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
«Еліміздің халықаралық көрмеге қатысуы озық әзірлемелермен танысу, жетекші компаниялармен ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ жаңа байланыстар орнату үшін бірегей мүмкіндік болып табылады», - деп атап өтті ведомствода.
Тұрақты мал шаруашылығына арналған ауқымды іс-шара өз алаңында ауыл шаруашылығы техникасын, жабдықтарын, мал шаруашылығы мен жануарларды күтуге арналған тауарларды, биоэнергетиканы өндірушілерді жинайды. Көрмеде 70 тұқымды 2 мың жануар ұсынылады. 1650 көрме қатысушысы жоспарланған.
Халықаралық форумның бағдарламасына 400 жануар арасында салерс ІҚМ ет тұқымының ұлттық байқауы, үш елден 56 жануар арасында симментал ІҚМ сүт тұқымының еуропалық байқауы, «Алтын Саммит» инновациялар байқауы, «Алтын Фермер» фермерлік өнімдер байқауы, агроөнеркәсіптің ең өзекті мәселелеріне арналған 130-дан астам конференция кіреді.
Мал шаруашылығы саммитіне әлемнің 35 елінен 300-ге жуық шетелдік компания қатысады деп күтілуде. Жалпы, 120 мыңнан астам келуші күтілуде. Көрме павильондарының жалпы ауданы шамамен 97 мың шаршы метрді құрайды.