Қостанай облысында бруцеллез анықталды
Шектеу іс-шаралары Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы Дангербай ауылының аумағында ірі қара малдың бруцеллезбен ауыруына байланысты енгізіледі.
"Қостанай облысы Әулиекөл ауданы, Қазанбас ауылдық округі, Дангербай ауылының аумағында ірі қара малдың бруцеллез ауруының пайда болуына байланысты шектеу іс-шаралары белгіленсін", - делінген Әулиекөл ауданы әкімінің шешімінде.
Атап айтқанда, жануарларды ауыл аумағы арқылы тасымалдауға (айдауға), жануарларды әкелуге (кіргізу) және әкетуге (шығару) жол берілмейді. Сондай-ақ қолайсыз аумақта шөп, сабан және басқа да ірі жемшөптерді басқа аумаққа әкету үшін дайындауға, сондай-ақ жануарлардың немесе адамдардың жиналуына байланысты іс-шаралар өткізуге тыйым салынады.