Қазақстанда аквамәдениетті мемлекеттік қолдаудың жаңа түрлері енгізіледі
«Аквамәдениет туралы» заң жобасын және оған ілеспе түзетулерді бүгін Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта субсидиялау, жеңілдікпен несие беру, ғылыми сүйемелдеу және еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыру түрінде мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралары енгізілуде, деп хабарлады палатаның баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, балық өсіру үшін су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялаудың жаңа түрі көзделеді, ол АӨК субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы өтетін болады. Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мақсатында бизнес субъектілері үшін қарсы міндеттемелерді енгізу жоспарлануда.
Сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен бизнесті ақпараттық-талдамалық және ғылыми-әдістемелік қолдауды ұсыну арқылы инвестициялық жобаларды ғылыми сүйемелдеу енгізілуде. Бұл балық өсірушілердің құзыретін арттыруға, ғылыми негізделген ұсынымдар әзірлеуге, биотехнологиялық процестерді құруға және өндіріске инновациялық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
Заң жобасында су айдындарын байқау негізде (аукциондық сауда-саттық тәсілімен электрондық портал арқылы) және конкурстық рәсімдерсіз беру тәртібі көзделген. Байқаусыз инвестициялық жобалар үшін халықаралық және республикалық маңызы бар су айдындары берілетін болады, онда инвестициялардың ең аз сомасы кемінде 150 мың АЕК (бүгінде бұл шамамен 550 млн теңге) құрайды.
Инвесторлар үшін негізгі шарттар – бизнес-жоспардың болуы және қаржы қаражатының болуын растау, ал міндеттемелер ретінде өндірістік қуаттарды салу, өсіру көлемін ұлғайту және импортты алмастыру болады.
Бұдан басқа, заң жобасында аквамәдениет өнімдерінің, адамдардың өмірі мен денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау үшін технологиялық процестердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік бақылау енгізіледі.
Бақылау кәсіпорындарға барып және бармай-ақ тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылуы жоспарлануда. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелеріне қатысты мерзімді, жоспардан тыс тексерулер және қашықтан бақылау нысанында мемлекеттік бақылауды енгізу көзделген.
Мәжілісте аквамәдениет саласындағы мемлекеттік саясаттың құралдары үш жылда бір рет жүргізілетін оның даму жағдайын бағалауға негізделетінін атап өтті. Ол үшін бюджет қаражаты есебінен консалтингтік компаниялар мен талдау орталықтарын, қоғамдық салалық одақтар мен қауымдастықтарды тарту жоспарлануда. Бағалау нәтижелері мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу кезінде ескерілетін болады.
Сондай-ақ мониторингтің ақпараттық жүйесі енгізілетін болады. Оның көмегімен аквамәдениеттің дамуына талдау, мәліметтер жинау және қалыптастыру жүргізіледі. Бұдан басқа, бизнес субъектілерінің тізілімін жүргізу және аквамәдениет объектілерін, оның ішінде оны қайта өңдеу өнімдерін қадағалау көзделген.