Ақмола облысында мал шаруашылығы кластері құрылуда
Ақмола облысында мал шаруашылығы кластерін құру жобасы іске асырылуда. Торғай ауылдық округінде «Ерейментау-Астық» ЖШС 10 мың басқа арналған бордақылау алаңы бар қой фермасының құрылысын жүргізуде. Бұл туралы өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Ерейментау-Астық» ЖШС компаниялар тобы бас директорының орынбасары Қоңысбек Нұрғазиннің айтуынша, жоба бордақылау алаңына арналған базаны салу мен реконструкциялауды, қоралары бар серуендеу алаңдарын, астық қоймаларын, жемшөп өндіру цехын құруды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын - тракторларды, жемшөп таратқыштар мен жемшөп өндіруге арналған жабдықтарды сатып алуды көздейді.
Кәсіпорын жыл басынан бастап Катарға өнім экспорттай бастады.
«Араб елдерінде қазақстандық ет - бұл бренд. Олар ірі партияларды сатып алуға және ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауға дайын. Қазіргі уақытта БАӘ-де аккредиттеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, біз халықтан қойларды жақсы бағамен сатып ала аламыз», - деді «Алтын таға» холдингінің сату бөлімінің басшысы Алтынбек Орынбаев.
Облыс әкімі Марат Ахметжанов жоба зәкірге айналуы және жақын маңдағы елді мекендердің ғана емес, бүкіл ауданның дамуына әсер етуі тиіс екенін атап өтті.
«Біз жергілікті атқарушы органдар ретінде сізге қаржы институттары мен «Көкше» ӘКК арқылы ұйымдастырушылық және өзара іс-қимыл және қаржыландыру мәселелерімен көмектесеміз. Бүгінде мал шаруашылығын жеңілдетілген қаржыландыру қарастырылуда. Сіздің міндетіңіз - мал басын көбейту, жұмыс орындарымен қамтамасыз ету және салық төлеу. Кәсіпорынның дамуы өңірдің дамуына жаңа серпін береді», - деді ол.
Сонымен қатар, мамыр айында Ерейментау қаласында қуаттылығы 7,6 мың тоннадан астам сиыр етін өндіретін Агроөнеркәсіптік кешен құру жобасы басталады. Кешен 10 мың бас ІҚМ ұстауға есептелген. Сондай-ақ, 90 мың тонна көлемінде ауыл шаруашылығы жануарларына жем өндіру жоспарлануда. Жобаны Big Farm жүзеге асырады.
Ет және ет өнімдерін өндіру бойынша тігінен интеграцияланған кешенге инвестициялар сомасы 77 млрд теңгеден асады. Кәсіпорын 380 жұмыс орнын ашады. Қызметкерлер үшін тұрғын үй құрылысы қарастырылған.