Қазақстан Моңғолиядан 500 мың ешкі әкелгісі келеді
Қазақстан Моңғолияда 500 мың ешкі сатып алу жоспарлары туралы мәлімдеді. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен ведомство басшысы Мұрат Нұртілеу Ұлан-Батырға сапарының қорытындысы бойынша хабарлады.
СІМ мәліметінше, Моңғолияның Сыртқы істер министрі Батмунхийн Батцэцэгпен кездесуде екі ел президенттерінің өзара тауар айналымын 500 млн долларға дейін жеткізу жөніндегі міндеті талқыланды. Тараптар оған жету жолдарын белгіледі.
Атап айтқанда, Қазақстан пилоттық жоба аясында Моңғолиядан 500 мың ешкі сатып алуға қызығушылық танытты. Бұл ет және мал шаруашылығының басқа да өнімдерін терең өңдеу саласында экспортқа бағдарланған агроөнеркәсіптік кооперация құру жөніндегі бірлескен бастама болмақ.
Осыған байланысты Мұрат Нұртілеу іскерлік байланыстарды жандандыруды ұсынды, сондай-ақ моңғол компанияларын өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырды.
«Бүгінгі таңда қазақ-моңғол қатынастары үлгілі достық сипатқа ие. Біздің арамызда шешілмеген сұрақтар жоқ. Бұл біздің сенімімізді нығайту және орнықты даму үшін пайдалануымыз керек капиталымыз», – деді Мұрат Нұртілеу.