Түркістан облысында ірі қара мал сүйектерін қайта өңдеу зауыты салынады
Түркістан облысы Ордабасы ауданында ірі қара малдың сүйектерін өңдеу зауытының құрылысы басталды. Жобаның инвесторы - Tangshan Huating Ceramics Co., LTD, деп облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өндіріске 9 млрд теңге инвестицияланады. Зауытты іске қосу 2026 жылға жоспарланған.
Кәсіпорында желатин өнімдері мен пептон қоспасы шығарылады. Өндірістік қуаттылығы жылына 5 мың тонна өнімді құрайды.
Әкімдікте атап өткендей, болашақ сүйек өңдеу зауытының Қазақстанда баламасы жоқ.
«Түркістан облысы ауыл шаруашылығы дамыған өңір болып табылады және осы саладағы көрсеткіштер бойынша республикада бірінші орын алады. Дегенмен, біз терең өңдеу саласында әлі де көп жұмыс істеуіміз керек. Сонымен қатар, мал шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеу мәселесі күн тәртібінде тұр. Біз бүгін іргетасын қалаған зауыт осы мәселені шешуге бағытталған», - деді құрылыс басталу салтанатында өңір әкімі Нұралхан Көшеров.
Кәсіпорын 10 гектар жерде орналасады. Толық жүктеме кезінде зауытта 100 адам жұмыс істейді.