576 қазақстандық кәсіпорын Қытайға өнімдерін экспорттауға рұқсат алды
Қытайға ауыл шаруашылық өнімдерін жеткізу үшін 576 қазақстандық кәсіпорын Қытайдың Бас кеден департаментінің тізіліміне енгізілді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева өзінің Facebook парақшасында хабарлады.
«2020 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындылары бойынша Қытайға ауыл шаруашылық өнімдерінің экспорты 489 мың тонна болып, 196 миллион долларды құрады», - деді Гүлмира Исаева.
Оның айтуынша, өсімдік өнімдерінің экспорты 86 миллион долларға 274 мың тоннаны, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты - 213 мың тоннаны 104 миллион долларға, мал шаруашылығы өнімдерінің экспорты - 5 миллион долларға 2 мың тонна болды.
«Ауыл шаруашылық өнімдерінің экспорты Қытайда 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында 15% өсті, бұндай көрсеткіш мал шаруашылығы өнімдерінің экспорты 25% -ға, қайта өңдеу өнімдері - 18% -ға, өсімдік шаруашылығы - 11% -ға өсу есебінен болды», - деді вице-министр.
Сонымен қатар ол Қазақстанның ветеринариялық-карантиндік қызметі кепілдемесі бойынша, яғни қытайлық мамандардың тексерусіз 404 қазақстандық кәсіпорын БКД тізіліміне енгізілгенін атап өтті: 77 мал өнімдерін шығаратын, 327 өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіретін және өңдейтін кәсіпорындар.
Коронавирустық пандемия кезінде Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытай БКД-мен бірлесіп қашықтықтан инспекция жүргізудің тәсілдерін , атап айтқанда ет өңдеу, шошқа өсіру және балық өңдеу кәсіпорындарына кепілдеме бойынша тексерулер жүргізу алгоритмін келіскен еді. Ауыл шаруашылығы министрлігі ағымдағы жылдың маусым айының басында ҚХР-дың Бас кедендік әкімшілігіне 36 қазақстандық кәсіпорынның тізімін жіберді (31 ет өңдеу зауыты және 5 шошқа өсіру кешені). Кәсіпорындарды Қытай Халық Республикасының Бас кедендік әкімшілігінің тізіліміне тіркеу үшін барлық қажетті құжаттармен бірге өтініштер де жіберілді.
Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіретін және өңдейтін кәсіпорындарды тексеру механизмін келіседі.