EMC Agro алты айда 918 млн теңгеге шошқа етін экспорттады
EMC Agro компаниясы (KazFoodProducts тобына кіреді), 2021 жылы шошқа фермасын жылына 100 мың бас тауарлық табынға дейін кеңейту жобасын аяқтады. Оны іске асыру қорытындысы бойынша 2025 жылдың алғашқы алты айында өндіріс көлемі 12,2 млрд теңгеге 8 475 тонна ет өнімін құрады, ал экспорт көлемі 918 млн теңгеге 1 067 тоннаға жетті. Бұл туралы KazFoodProducts баспасөз қызметі хабарлады.
Компанияның мәліметінше, EMC Agro экспортты 2024 жылдың желтоқсанынан бастап кеңейтіп келеді және бүгінде Арменияға, Грузияға, Қырғызстанға және Өзбекстанға ет өнімдерін жеткізуде.
«Компания сонымен қатар Қытай Халық Республикасының нарығына шығуды қарастыруда және қазіргі уақытта ҚХР Ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізушілер тізіліміне енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. FSSC 22000 халықаралық сапа сертификатының болуы өндірістік процестердің әлемдік стандарттарға сәйкестігін растайды және қазақстандық ет өнімдерін халықаралық нарықтарға шығаруға ықпал етеді», - деп атап өтті KazFoodProducts.
Қазақстандық нарықта компанияның өнімдері Астана, Алматы, Көкшетау, Қарағанды, Петропавл және Щучинск қалаларындағы 13 фирмалық сауда нүктелерінде ұсынылған.
Сондай-ақ, баспасөз қызметі шошқа фермасын кеңейту жобасы «Baiterek Venture Fund» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылғанын атап өтті. Инвестициялық келісімнің талаптарына сәйкес KazFoodProducts Қордың 5,6 млрд теңге сомасындағы үлесін кері сатып алуды жүзеге асырды, осылайша онымен ынтымақтастықты аяқтады.
«Baiterek Venture Fund-пен серіктестік біздің бизнесіміздің дамуындағы маңызды кезең болды. Инвестициялық қолдаудың арқасында біз ет өнімдерін өсіруді, союды, өңдеуді және сатуды біріктіретін заманауи тігінен біріктірілген өндірісті құра алдық. Бүгінгі таңда EMC Agro ішкі және сыртқы нарықтарда өндіріс пен сату географиясын кеңейте отырып, өз орнын нығайтуды жалғастыруда», - деп атап өтті EMC Agro ЖШС директоры Ержан Елубаев.