Кувейттің жетекші азық-түлік компаниясы Қазақстаннан ет сатып алуды жоспарлап отыр
Кувейттің жетекші азық-түлік компаниясы Al-Yasra Foods Қазақстаннан сиыр етін, құс етін, күнбағыс майын және басқа да өнімдерді сатып алуға мүдделі. Бұл туралы компанияның бас директоры Аби Надж Кувейттегі Қазақстанның елшісі Ержан Елекеевпен кездесуде мәлімдеді, деп СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
«Кувейттік компания қазақстандық өндірушілермен ынтымақтастықты кеңейтуге және жоғары сапалы өнімді жеткізуге тікелей келісімшарттар жасасу мүмкіндіктерін зерделеуге қызығушылық білдірді», - деп СІМ хабарлады.
Ержан Елекеев Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенде айтарлықтай әлеуетке ие екенін және Шығанақ мемлекеттеріне, оның ішінде Кувейтке тұрақты экологиялық таза өнім жеткізуді қамтамасыз етуге дайын екенін атап өтті.
Тараптар ақпарат алмасуды және өзара іс-қимылдың нақты бағыттарын пысықтауды жалғастыруға уағдаласты.
1989 жылы құрылған Al-Yasra Foods аймақтағы ең ірі азық-түлік дистрибьюторлары мен импорттаушыларының бірі болып табылады. Ол әлемнің жетекші брендтерімен ынтымақтасады және 30 мыңнан астам сауда нүктелерін қамтитын кең жеткізу желісіне ие.
Al-Yasra Foods-тың Иракта, Сауд Арабиясында және Біріккен Араб Әмірліктерінде филиалдары бар, бұл оны мұздатылған тағамдарды, ет және сүт өнімдерін, майлар мен сусындарды сатудағы негізгі аймақтық ойыншылардың біріне айналдырады.