08:15 Мал шаруашылығы

Қостанай облысында бес сүт фермасы салынуда

Қостанай облысында Алтынсарин, Әулиекөл, Б. Майлин және Қостанай аудандарында бес жаңа тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Бұл жобаларға 20,7 млрд теңге көлемінде жеңілдікті несиелер бөлінді. Бұл туралы Қостанай облысының әкімдігінде хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, 2024 жылы жалпы қуаттылығы жылына 19 мың тонна сүтті құрайтын үш тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілген, осы жылдың шілде айында Федоров ауданында 600 басқа арналған ТСФ ашылды.

Сонымен қатар, Меңдіқара ауданында 1200 басқа арналған ферма құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, жыл соңына дейін Алтынсарин ауданында тағы екі ТСФ іске қосылады.

Өңірде ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы соңғы үш жылда 1,6 есеге - 642,1 млрд теңгеден 1,1 трлн теңгеге дейін өсті.

Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығын дамытуға шамамен 207 млрд теңге бағытталды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 20%-ға артық (175 млрд теңге).

Егін жинау науқанының нәтижелері бойынша өңірде 7 млн тонна астық жиналды, бұл республика бойынша Ақмола облысынан кейінгі екінші көрсеткіш (7,6 млн тонна). Астық жинау көлемі 2022 жылғы деңгейден 1,2 есе (5,7 млн тонна) асты.