Қазақстанның балық шаруашылығында 54 млрд теңгеге жобалар жүзеге асырылуда
Қазақстанда аквамәдениет саласында жалпы құны 54 млрд теңге болатын 40 жоба жүзеге асырылуда. Оларды 2030 жылға дейін іске қосу балық өсіру көлемін 14,4 мың тоннаға дейін, қайта өңдеу көлемін 10 мың тоннаға дейін арттырады, сондай-ақ балық азығы өндірісін жылына 6,8 мың тоннаға дейін жеткізеді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Саланы одан әрі дамыту және балық шаруашылығының тұрақты өсу қарқынын қамтамасыз ету үшін арнайы балық азығы қажет. Осыған байланысты Алматы, Ақмола және Маңғыстау облыстарында балық азығын өндіретін заманауи зауыттар салу мәселесі қарастырылуда.
Жобалар инвестициялық субсидиялауды және аквамәдениетті дамытатын субъектілерге жеңілдікті несие беруді қоса алғанда, мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалана отырып іске асыруды жоспарлап отыр.
2021-2024 жылдары құны 21,4 млрд теңге болатын балық өсіру және қайта өңдеу бойынша 87 жоба іске асырылды. Іске қосылған объектілердің жылдық жиынтық қуаты 20 мың тоннадан асады. Бұл жобаларды іске асыру балық өнімдері бойынша импортқа тәуелділікті шамамен 15%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.
2025 жылы қуаттылығы жылына 1,2 мың тоннадан асатын тағы сегіз инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Маңғыстау облысында торлы шаруашылықтың іске қосылуы маңызды болды.
Орталық Азиядағы осындай көлемдегі алғашқы жобаны норвегиялық технологияларды қолдана отырып, Каспий теңізі акваториясында Organic Fish компаниясы жүзеге асырды. Жобаның құны 12 млрд теңгені құрады. Өндірістік қуаттылығы - жылына 5 мың тонна албырт.
2025 жылдың қараша-желтоқсан айларында теңіз торларына салмағы шамамен 200 грамм болатын албырт шабақтары салынды. Бүгінгі таңда жоба белсенді практикалық кезеңге өтті.