08:00 Мал шаруашылығы

Ақмола облысында 900 бас малға арналған сүт фермасы іске қосылады

Ақмола облысының Атбасар ауданында «Бастау» ЖШС тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталуда. Жоба СҚО тәжірибесін кеңейту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Жаңа кәсіпорын 1,2 мыңға дейін кеңейту келешегімен 900 бас малға есептелген. Бұл туралы өңірдің ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

«Жоғары өнімді гольштин-фриз тұқымына назар аударылды. Маусым айында Даниядан 559 бас бірінші партия келеді. Нысанда бес корпустың үшеуінде дайындық жұмыстары аяқталды, жабдықтардың көп бөлігі әкелінді, ал қыркүйекке қарай құрылыс-монтаж жұмыстарын толығымен аяқтау және қараша айында саууды бастау жоспарлануда», – деді кәсіпорын директоры Данияр Мұқышев.

Өңір әкімі Марат Ахметжанов нысанды аралау барысында шілде айына дейін қоралардың мал қабылдауға дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, жақында өңірдің Зеренді ауданында 400 бас малға арналған сүт фермасы іске қосылды. Фермада сүт өндіру тәулігіне 4 тоннаға жетеді.