Ақмола облысындағы жаңа ТСФ үшін 165 голштин тұқымды құнажын жеткізілді
Германиядан Ақмола облысына арнайы әуе рейсімен Бурабай ауданында жаңа тауарлы-сүт фермасының жоғары өнімді табынын қалыптастыруға арналған 165 голштин тұқымды құнажын әкелінді. Жануарлар карантинге қойылып, ветеринарлық мамандардың бақылауымен бейімделеді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«30 күн ішінде ветеринарлық мамандар аса қауіпті ауруларға тексеруді қоса алғанда, зерттеулер кешенін жүргізеді», - деп атап өтті министрлікте.
Бурабай ауданында 1440 бас ірі қара малға арналған тауарлы-сүт фермасын, сондай-ақ Щучинск қаласында сүт зауытын салу жобасын Burabay Milk жүзеге асырады. Оның аясында 330-ға жуық асыл тұқымды мал әкелу жоспарлануда.
«Бұдан әрі асыл тұқымды мал басын әкелу облыстың және ауданның ветеринариялық қызметінің қатысуымен жалғастырылатын болады», - деп Ауыл шаруашылығы министрлігінде нақтылады.