08:05 Мал шаруашылығы

Қазақстанда сиыр етін шығаруға квоталар ұзартылады

Қазақстан сиыр етінің экспортына алты ай мерзімге жаңа квота енгізеді. Мұндай шешім 26 маусымда Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қабылданды.

Осы шешімді іске асыру аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ірі қара мал етін Қазақстан Республикасының аумағынан әкетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрықтың жобасын әзірледі.

Құжатқа сәйкес, сиыр етін шығаруға квота алты ай ішінде 25 мың тоннаны құрайды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі түсіндіргендей, шектеулер ішкі нарықты ет өнімдерімен қанықтыру және бағаны тұрақтандыру мақсатында енгізілуде. Бұдан басқа, отандық ет өңдеу кәсіпорындарын шикізат қорымен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайту, ел ішінде қосылған құнды арттыру және қосымша жұмыс орындарын құру міндеті қойылып отыр.

Бұған дейін Сауда, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен Қазақстанның Мал өсірушілер одағы сиыр етінің бағасын тұрақтандыру туралы меморандум жасасқан болатын. Тараптар ҚҚС есебінсіз өндірушілердің белгіленген сату бағасы бойынша ішкі нарыққа сиыр етін кг үшін 3 275 теңге деңгейінде жеткізуді қамтамасыз етуге келісті.

Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр етін экспорттаушыларға қойылатын талаптарды жеңілдетті, нәтижесінде экспорттық нарықтарға көбірек өндіруші компаниялар жіберілді.