11:00 Мал шаруашылығы

Түркістан облысында 30 шағын бордақылау алаңы салынуда

Түркістан облысының Сауран ауданында 5 мың ірі қара малға арналған бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде, ал оның жанында 30 шағын бордақылау алаңының кешені орналасады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Түркістан ет өнімдері» ЖШС-нің құны 1,3 млрд теңгені құрайтын 5 мың бас ірі қара мал кешені Ескі Иқан ауылдық округінде салынуда. Сондай-ақ, нысанда қуаттылығы тәулігіне 120 бас мал союға арналған өндірістік алаң, жұмыскерлерге арналған тұрғын үйлер, әкімшілік-іскерлік орталық және ілеспе инфрақұрылым объектілері көзделген.

Бүгінгі таңда әкімшілік ғимараттың құрылысы 80%-ға аяқталды, бордақылау алаңында және мал сою пунктінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Нысан инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар, кешеннің жанында «Муталиб агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 30 шағын бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде. Аталған жобаларды «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаржыландыру жоспарлануда. Жобаны толық іске асырғаннан кейін 120 тұрақты жұмыс орнын құру көзделген.

«Жобаның басты ерекшелігі - бордақылау алаңдарының бірыңғай кластерге шоғырлануы. Бұл тәсіл инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, шығындарды азайтуға және жұмыс процесін жүйелі түрде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Пайдалануға берілгеннен кейін бұл кешен заманауи технологиялар негізінде бордақылау ісін дамытуға, ет өндіру көлемін ұлғайтуға және өңірдің агроөнеркәсіптік секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға елеулі үлес қосады», - деп атап өтті әкімдікте.