09:15 Мал шаруашылығы

Түркістан облысында мал биржасының құрылысы басталды

Түркістан облысының Сайрам ауданында австралиялық технология бойынша мал биржасының құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны 5,2 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 4,7 млрд теңге - жеңілдікті несие және 500 млн теңге - инвестордың өз қаражаты. Бұл туралы облыс әкімдігінде хабарлады.

Жобаны Ақсу ауылында RED GOLD компаниясы жүзеге асыруда. Оны іске асыру үшін ауданы 24 гектар жер учаскесі бөлінді.

Мал биржасының құрылысын 2027 жылы аяқтау жоспарлануда. Кәсіпорын толық пайдалануға берілгеннен кейін ол бір уақытта 5 мың бас ірі қара, 4 мың жылқы және 10 мың бас ұсақ малды қабылдай алады.

Жоба аясында 20-дан астам жаңа жұмыс орны құрылады, ал қызметкерлердің орташа жалақысы 300 мың теңге деңгейінде күтіледі.

Жоба халықаралық талаптарға сәйкес өңірде мал саудасын ұйымдастыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарықтарын кеңейтуге және экспорттық әлеуетті арттыруға үлкен әсер етеді.