Қазақстанда «Байсары» қой тұқымының жаңа селекциялық жетістіктері тіркелді
Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында «Байсары» қой тұқымының селекциялық жетістіктеріне мемлекеттік апробация жүргізілді. Сынақ қорытындысы бойынша екі тұқымішілік сүлесі мен екі қошқардың зауыттық желісі мемлекеттік тануға ие болып, патент алды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
АӨК-тегі мемлекеттік инспекция комитетінің мемлекеттік комиссиясы «Байсары» тұқымының селекциялық жетістіктеріне бағалау жүргізді. Жұмысты ғылыми сүйемелдеуді және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді етті-майлы бағыттағы қой шаруашылығының республикалық палатасы жүзеге асырды.
Апробация тікелей асыл тұқымды шаруашылықтарда мал басын және негізгі өнімділік көрсеткіштерін бағалау арқылы жүргізілді. Түркістан облысында Бәйдібек, Сайрам, Сарыағаш аудандары мен Арыс қаласының аумағында Түркістан тұқымішілік сүлесі бағаланды. «Нұрболат», «Молшылық», «Сиябанд», «Қуаныш» шаруа қожалықтарында, «Таукеев Н.М.» ЖК мен «МҰБАРАК АГРО» ЖШС-де жоғары өнімді 7,3 мыңға жуық мал басы тексерілді.
Сонымен қатар № 00452 «Миллион» және № 5042 «Депутат» екі зауыттық қошқар желісіне де бағалау жүргізілді. «Миллион» желісінің негізін қалаушы қошқардың тірі салмағы 231 кг болды. Бұл көрсеткіш Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілген.
Жамбыл және Алматы облыстарында Жетісу тұқымішілік сүлесінің 3,5 мыңнан астам басы апробациядан өтті. Жамбыл облысында жұмыстар Қордай, Шу, Меркі және Т. Рысқұлов аудандарында «Алпамыс», «Биғазы», «Бексұлтан», «Әлижан», «Бақша-Сарай» және «Айбек» шаруа қожалықтарының базасында жүргізілді. Алматы облысында бағалау Қарасай ауданы мен Қонаев қаласында «Нұр и К», «Қыдыралиев» шаруашылықтарында және «Ли В.А.» ЖК-де өтті.
«Байсары» қой тұқымы етті-майлы бағытқа жатады. Ересек қошқарлардың тірідей салмағы 140–180 кг құрайды, кейбіреулері 200 кг асады. Ет түсімі 53–56% құрайды.
Мемлекеттік сынақтар мен апробация нәтижелері бойынша төрт селекциялық жетістік ресми мемлекеттік танылып, патент алды: Жетісу тұқымішілік сүлесі — № 1292, Түркістан тұқымішілік сүлесі — № 1293, № 00452 «Миллион» зауыттық қошқар желісі — № 1294 және № 5042 «Депутат» зауыттық қошқар желісі — № 1295.
Атқарылған жұмыс ұсынылған селекциялық жетістіктердің белгіленген талаптарға сәйкестігін растауға және оларды мемлекеттік тануды рәсімдеуге мүмкіндік берді. Алынған нәтижелер «Байсары» тұқымының өнімділік және селекциялық қасиеттерін жетілдіру бойынша асылдандыру жұмыстарында одан әрі пайдаланылатын болады.