Қазақстан 2026 жылы 7,2 мың бас ІҚМ импорттады
2026 жылы Қазақстанға алыс шетелден 7 234 бас ірі қара мал әкелінді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыруға 80 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат 40 мың бас ірі қара және 20 мың бас ұсақ мал сатып алуға бағытталады.
Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, Түркістан облысындағы «Азия Милк» тауарлы-сүт фермасына Даниядан голштин тұқымды 165 бас сиырдың кезекті партиясы жеткізілді. Бұған дейінгі жеткізілімді есепке алғанда, осы шаруашылыққа Даниядан импортталған мал саны 330 басқа жетті.
Бұған дейін Даниядан әкелінген голштин тұқымды 165 бас мал «Майлыкен Ферм» шаруашылығына, тағы 165 бас «Dar Organik» фермасына жеткізілген болатын.
Солтүстік Қазақстан облысында «Буденное СК» ЖШС-нің сүт кешеніне Германиядан голштин тұқымды 165 бас қашардың кезекті партиясы жеткізілді. Бұл шаруашылыққа жасалған бесінші жеткізілім болды. Нәтижесінде жалпы мал басы 825 басқа жетті. Кәсіпорын барлығы 1 200 бас мал әкелуді жоспарлап отыр. Кешеннің құрылысы былтыр күзде аяқталған. Осыдан кейін табынды кезең-кезеңімен жасақтау және өндірістік процестерді іске қосу басталды. Алғашқы мал биыл бұған дейін жеткізілсе, наурыз айында фермада алғашқы бұзаулар алынды. Жеткізілімдер аяқталғаннан кейін шаруашылық импортталған мал басымен толық қамтамасыз етіледі.
Шығыс Қазақстан облысында «Мойылды-Байқоңыр» ЖШС-нің тауарлы-сүт фермасына Ресей Федерациясының Пермь өлкесінен голштин тұқымды 224 құнажын жеткізілді. Ферма 1 075 бас ірі қараға есептелген. Шаруашылық заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті ауыл шаруашылығы техникасымен және жеке жемшөп қорымен қамтамасыз етілген. Кәсіпорынның қарамағында 4 500 гектардан астам егістік жер бар, бұл малдың жемшөпке деген қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Көзделген шараларды іске асыру ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге табындарды кезең-кезеңімен жаңартып, малдың өнімділігін арттыруға және өндірістік қуаттарды кеңейтуге мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, бұл отандық сүт пен ет өндірісін ұлғайтуға, шаруашылықтардың тиімділігін арттыруға және олардың өндірістік базасын нығайтуға жағдай жасайды», – деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігінде.