17:00 Мал шаруашылығы

Қостанай облысында құны 3,2 млрд теңге болатын сүт фермасы салынды

Қостанай облысының Владимировка ауылында 400 бас ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталды. «ДК Мақсат KZ» ЖШС жүзеге асырған жобаға 3,2 млрд теңгеден астам инвестиция салынды. Жоба толық қуатына шыққаннан кейін кәсіпорын жылына 4 380 тоннаға дейін сүт өндіре алады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ферманың құрылысы 2025 жылдың тамызында басталып, 2026 жылдың қыркүйегінде аяқталды. Қазір нысанда сауу-сүт блогының жабдықтарын монтаждау және іске қосу жұмыстары аяқталып жатыр.

Жоба Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында «Тобыл» ӘКК-нің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды. Жалпы инвестиция көлемінің 2,87 млрд теңгесін корпорация бөлсе, қалған 351 млн теңгені кәсіпорын өз қаражатынан салды.

Тамыз айында фермаға Германиядан асыл тұқымды 165 құнажынның алғашқы партиясы жеткізілді. Карантиндік шаралар аяқталды. Жануарлардың екінші партиясы 30 қарашаға дейін жеткізіледі деп күтілуде. Алғашқы төлдеу 2026 жылғы қараша мен 2027 жылғы қаңтар аралығына жоспарланған.

Өндірілген сүт өңдеуге жіберіледі. Қазір кәсіпорын Қостанай облысындағы сүт өңдеу компанияларымен ынтымақтастық орнату жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр.

Фермада қазірдің өзінде 14 адам жұмыс істейді. Өндіріс көлемі артқан сайын қызметкерлер саны да көбейеді. Жоба аясында жалпы саны кемінде 32 жұмыс орнын ашу көзделген.

2025 жылы Қостанай облысында жалпы жобалық қуаты жылына 46 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік беретін жеті тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілді. Қазір жалпы қуаты 31 мың тоннаны құрайтын тағы бес кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, 2026 жылдың соңына дейін тағы үш ферманың құрылысын бастау жоспарланған.

Болжам бойынша, жаңа жобаларды іске асыру облыстың ұйымдасқан шаруашылықтарында сүт өндірісін екі есе арттыруға, ал сүт өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуатын пайдалану деңгейін 75%-дан 86%-ға дейін көтеруге мүмкіндік береді.