Сенатор АӨК-ке субсидия бөлуде орын алған сыбайлас жемқорлық туралы айтты
Агроөнеркәсіптік кешенде субсидия беру тәртібі ашық-жария түрде жүргізілмейді, сондықтан да бұл елдегі сыбайлас жемқорлық жасалатын саланың бірі болып табылады. Бұған бюджеттік қаражатты мақсатсыз пайдалану және ақша жымқыру фактілері бойынша сыбайлас жемқорлық істердің көптігі, ауыл шаруашылығы малдарын сатып алу туралы жалған шарттар жасасу, несиені пайдалану туралы жалған ақпарат беру және басқада істер дәлел болып табылады. Бұл туралы Сенат депутаты Андрей Лукин премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында айтты.
Депутаттың мәлімдеуінше, 2018 жылдан 2020 жыл аралығындағы 9 ай ішінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шарасына қатысты 144 қылмыстық іс тергелді. Оның ішінде 57 іс сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін (пара беру - 11, жымқыру - 17, алаяқтық - 29) және 87 - субсидия ұрлағаны үшін іс қозғалды. Осы жағдайда мемлекетке келтірілген залал 2,1 млрд теңгеден асты.
Андрей Лукин атап өткендей, субсидия беру тәртібінің нормативтік құқықтық актілері жетілдірілмеген, ал субсидиялау ережелері соңғы 5 жылда 47 рет өзгерді. Сонымен бірге, субсидиялау ережесінде мемлекеттік субсидия төлейтін шенеуніктердің жауапкершілігі қарастырылмаған.
«Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, өнімдердің сапасын арттыруға субсидия беру ережелеріне сәйкес ақпараттың дұрыстығына тек ауылшаруашылық тауар өндірушілері жауап береді. Жұмыс атқаратын органының жауапты шенеуніктері ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің өтініштерін тек қысқа мерзімде мәліметтердің толықтығын ғана тексереді. Бұл ретте, субсидия алуға құқық беретін ауылшаруашылық тауар өндірушілері ұсынатын ақпараттың шынайы түрде –сенімді екендігі тексерілмейді. Нормативтік құқықтық актілердің бұлай жетілмегендігі кейбір ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің бюджеттік субсидияларды заңсыз түрде алуына және ұрлауына әкеледі», - деді сенатор.
Тақырыпқа байланысты оқу: Өндірушілер субсидияның дұрыс бөлінбейтіндігіне наразылық білдіруде
А.Лукиннің айтуынша, Алматы облысы шаруа қожалықтарының бірі 2016-2018 жылдары сиыр етін өндіруге және бұқа бұзауларын бордақылауға кеткен шығындарды төмендету үшін субсидия түрінде 451 млн теңге алған, ал оның 222 млн теңгесі сиыр етін сою және сату туралы жалған құжаттар ұсыну арқылы алынған.
Депутаттың сөзіне қарағанда, Ақтөбе облысында агроөнеркәсіптік кәсіпорын 250 млн теңгеден асатын инвестициялық салым мен жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеуге заңсыз түрде субсидия берілген.
Осы жағдайға байланысты Андрей Лукин жергілікті атқарушы органдар өндірушілердің өтініштерін және субсидия беруге жауапты шенеуніктердің жауапкершілігін тексеру міндетін қарастыра отырып, агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау ережелерін қайта қарап құрастыруды ұсынды.
Сонымен қатар, ол Qoldau.kz жүйесі арқылы субсидия беру талаптарын қайта қарауды ұсынды. Ондағы электрондық кезек қаржыландыру болған жағдайда ғана ашылып, жұмыс істейді, ал бұл кезекке тұруға мүмкіндік бермейді. Ал егер өтініш уақытында берілмесе, фермер субсидия алу мүмкіндігінен айырылады, өйткені қаражат тез бөлінеді.
Тақырыпқа байланысты оқу: Мұқаш Искандиров: Субсидияны жыл сайын белгілі бір компаниялар ғана алады
«Жоғарыда айтылған мәселелерді ескере отырып, қосымша қаражат бөлу арқылы субсидиядан бас тартқандардың орнына кезек бойынша өндірушілерге қаражат беру жағдайын қарастыру керек» деп баса айтты депутат.
Андрей Лукин өзінің сауалында субсидия беру кезінде орын алатын басқа да заң бұзушылық фактілері жайлы хабарлады. Атап айтқанда, 2020 жылы Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы басқармасы ЖШС –ға ауылшаруашылық техникаларын сатып алуға кеткен шығындарының бір бөлігін өтеуге 99,7 млн. теңге бөлген. Бірақ бұл серіктестікке субсидия беру заңға қайшы, себебі аталған техника бюджеттік қаражатқа сатып алынған болатын.
Шымкент қаласында көлік-логистикалық орталықтың құрылысына 178,9 млн теңге субсидия заңсыз түрде төленген. Павлодар облысында 10 шаруа қожалығы Ресейден сатып алған малдары үшін субсидия берілген, бірақ Ресейдің ветеринарлық қызметтері ІҚМ-нің жөнелтілуін және осы шаруашылықтарға ветеринарлық құжаттама берілуін жоққа шығарды.
Тақырыпқа байланысты оқу: Жемқорлық Қазақстанның ветеринарлық саласына зиян келтіруде
«Жоғарыда айтылған жағдайларға байланысты, жаңа Ұлттық жобаны құрастыру барысында аграрлық сектордағы мәселені тексерген дұрыс, мемлекеттік бағдарламаны орындауға бөлінген бюджет қаражатын заңды пайдалану талаптарының орындалуын тексеру керек», - деп түйіндеді сөзін сенатор.