27 марта 2020 Мал шаруашылығы

Батыс Қазақстан облысында жаңадан мал өсірушілер жерді рәсімдеуде қиындықтарға тап болуда

БҚО жаңадан мал өсірушілер жайылымдық жерді рәсімдей алмай жүр, осы мәселеге байланысты  жер беру шарттарын өзгертуді талап етуде, деп жазды «Хабар 24»

Хабарламада айтылғандай, байқауда  көбінесе жаңадан келген адамдар емес, ірі инвесторлар жеңеді. Себебі, қомақты инвестициялық қаражат салу өтінім беру кезіндегі  басты талап болып саналады. Бірақ малмен жаңадан айналыса бастаған фермерлердің инвестициялық мүмкіндіктері, техника мен мал басы жоқ.

Қосшы ауылдық округінің әкімі Мұхтар Танатжановтың пікірінше, мәселені шешу үшін ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру керек дейді.

«Барлық малды  кооперативке жинау қажет. Сол кезде ауыл тұрғындары жерді байқауға қатыспай ақ алуға құқылы болады», —  дейді әкім.

Мұндай мәселелер жүздеген мың ауыл тұрғынында кездеседі. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларының арқасында қазіргі уақытта мал шаруашылығымен айналысқысы келетіндер көбейіп келеді. Екінші жағынан-жайылымдық жер болмаса,  шаруашылықпен айналысу қиын. Бұл мәселені заңға түзетулер енгізу, жер телімдерін беру механизмін өзгерту арқылы шешуге болады, дейді мамандар.

Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Жұматай Ашыкбаев басқарма ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру бойынша байқау өткізу ережесіне түзетулер мен толықтырулар енгізу үшін ауыл шаруашылығы министрлігіне тиісті ұсыныстар жіберілгенін хабарлады.

Қазір аталған өңірде 1,5 млн га пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері бар. Олардың 65 пайызы мемлекетке қайтарылды. 940 мың га жер байқау арқылы сатылды.

Естеріңізге сала кетейік, Үкімет мәліметіне қарағанда, 2019 жылы елімізде 840 жаңа мал шаруашылықтары құрылды, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 38% - ға көп. Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамытуға байланысты  мемлекеттік бағдарламаның негізгі тірегі фермерлік шаруашылықтарды құру екендігі хабарланған еді.