Қазақстанда астық пен ұн экспортына шектеулер алынып тасталды
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ҚР-да қолданылатын бидай мен ұн шығаруға қойылған сандық шектеулерді алып тастайтын бұйрыққа қол қойды.
Экспортқа шектеулер "Қазақстан Республикасының аумағынан жекелеген тауарларды әкетудің кейбір мәселелері туралы" АШМ-нің 2022 жылғы 5 шілдедегі бұйрығымен 30 қыркүйекке дейін енгізілді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің жаңа бұйрығы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. Осылайша, Қазақстандағы ұн мен бидай экспортынан барлық шектеулер алынып тасталды.
Естеріңізге сала кетейік, сыртқы сауда саясаты мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия 31 тамызда 10 қыркүйектен бастап астық пен ұн экспортына шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің бағалауы бойынша, биыл шамамен 18,3 млн тонна астық, оның ішінде 13,4 млн тонна бидай жинау жоспарланған. Ауыспалы қорларды ескере отырып, бұл көлем ішкі қажеттілікті қанағаттандыру және экспортты сақтау үшін жеткілікті.