Қытай Қазақстаннан астық жүктерін тексеруді күшейтті
ҚТЖ компаниясы Қытай бағытында астық жүктерін тәулігіне үш құрамға дейін тиеуге уақытша шектеулерге қатысты түсініктеме берді. ҚХР қазан айында жеткізілетін астықты тексеруді күшейтті, соның салдарынан Қытай жағында Алтынкөл мемлекетаралық түйісу арқылы пойыздарды қабылдау тәулігіне 14-тен 10-ға дейін қысқарды, ал жекелеген күндері онда тек 6 пойыз қабылданады.
«ҚХР уәкілетті органдары Үрімші және Бейжің қалаларында сынамаларды іріктеу мен зертханалық талдауды қоса алғанда, астық жүктерін мұқият тексеруді жүргізеді. Тексеру 5-тен 10 күнге дейін созылады», - деп ҚТЖ хабарлады.
Бұл жағдай қазақстандық желіде Қытай бағытында келе жатқан экспорттық және транзиттік жүктері бар 3 мыңға жуық вагонның жиналуына алып келді. Бұл ретте аталған құрамдарды қабылдау бұрын Қытай тарапымен толық келісілген болатын.
Инфрақұрылымның тұрақты және қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету үшін ҚТЖ контейнерлік поездарда жүретін жекелеген экспорттық астық жүктерін қабылдауға уақытша технологиялық шектеулер енгізді — тәулігіне үш пойыздан артық емес.
«Қабылданған шара уақытша және мәжбүрлі сипатқа ие және жөнелтілімдерді ҚТЖ жауапкершілік аймағынан тыс қабылдаушы инфрақұрылымның нақты дайындығымен үндестіруге бағытталған», - деп компанияда мәлімдеді.