Ауылшаруашылық өнімдерін кепілдендірілген сатып алу туралы келісім ЕДБ сенімді кепілдік ретінде танылады
Аграрлық сала еңбеккерлері, фермерлер кепілдік ретінде екінші деңгейлі банктерге ауылшаруашылық өнімдерін кепілдендірілген түрде сатып алуды ұсына алады. Бұл туралы бүгін үкіметтің отырысында экономиканы қолдаудың қосымша шаралары туралы айтылды, деп мәлімдеді Ұлттық экономика министрі Руслан Даленов.
«Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау шарасы ретінде ауылшаруашылық тауар өндірушілері үшін форвардтық келісім-шарттар механизмі,«ҚазАгро» несиелерін кейінге қалдыру және қайта құрылымдау енгізілетін болады. Ауылшаруашылық өнімдерін кепілдендірілген сатып алу туралы шарттар банктерде сенімді кепілдік ретінде танылатын болады», — деді Даленов.
Сонымен қатар ол шикізат субсидиялауды арттыру жоспарланып отырғанын айтты.
Сонымен бірге, пилоттық режимде «алқаптан дүкен сөресіне дейін» механизмі енгізілетін болады. «Бұл шара ауылшаруашылық өнімдерін үнемі сатып алу мен сатуды қамтамасыз етуге бағытталған», - деді Ұлттық экономика министрлігінің басшысы.
Жалпы, үкімет бүгін экономикалық өсуді 2020 жылдың соңына дейін қалпына келтірудің кешенді жоспарын мақұлдады. Сонымен бірге, премьер-министр Асқар Мамин 1 маусымға дейін Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына түзетулер әзірлеуді тапсырды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен әлемдегі және ұлттық экономикадағы күрт өзгерген жағдайға байланысты 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының жаңа нұсқасы жасалады. Ол орта мерзімді перспективаға арналған жаңа экономикалық бағыттың, оның ішінде институционалдық және құрылымдық реформаларды жүзеге асырудың негізгі бағыттарын айқындайды», — деді Үкімет басшысы.