Қазақстан Катарға ет жеткізуді ұлғайтуға ниетті
Қазақстанның сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Катардың сауда және индустрия министрі Мұхаммед бин Хамад Әл Тани Астанада өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Тараптар өзара тиімді және тең құқылы негізде сауда саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға жәрдемдесу ниеттерін бекітті. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.
Құжат шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер экспортын дамыту мен ілгерілетуді, сауда инфрақұрылымын жетілдіруді, биржалық сауданы және электрондық коммерцияны дамытуды айқындайды. Сондай-ақ, елдер өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша іскер топтар мен қауымдастықтардың ынтымақтастығына жәрдемдесуге ниетті.
"Тауар айналымын ұлғайту жөніндегі шаралар ретінде біздің экспорт құрылымын әртараптандыруды жүргізуге болады деп санаймыз. Орта мерзімді перспективада қазақстандық өңделген өнімнің Катарға экспортын $250 млн-ға дейін, оның ішінде ауыл шаруашылығы тауарлары бойынша 68 млн-ға дейін арттыра аламыз. Бізде Біріккен Араб Әмірліктеріне ет пен ет өнімдерін жеткізудің оң тәжірибесі бар. Біз Катар нарығына ет және ет өнімдерінің экспортын ұлғайтуға дайынбыз", - деді Серік Жұманғарин.
Тақырып бойынша оқу: Бес қазақстандық компания Сауд Арабиясына ет экспорттауды бастайды
Сонымен қатар, ҚР сауда және интеграция министрлігі Катардың стандарттау жөніндегі бас ұйымымен өзара түсіністік туралы меморандум жасасты. Келісімнің мақсаты - халықаралық қағидаттар мен нормалар негізінде стандарттау, сәйкестікті бағалау және метрология саласындағы ынтымақтастықты нығайту.
Баспасөз қызметі атап өткендей, Қазақстанда халықаралық стандарттарға негізделген және әлемдік жетекші халал өнімдер нарығына бағдарланған сапа инфрақұрылымының жаңа жүйесін құру міндеті қойылды. 2022 жылдың қыркүйегінде ҚР сауда және интеграция министрлігінің "КазСтандарт" халал өнімдерін сертификаттауды жүргізу үшін БАӘ халықаралық аккредиттеу орталығынан аккредитация алды. Бұл Қазақстанның экспорттық әлеуетін іске асыруға және Парсы шығанағы елдерінің нарығына қауіпсіз және сапалы өнім жеткізуге мүмкіндік береді.