Kusto Group Семейдегі былғары-тері комбинатының жұмысын қайта бастайды
Қазақстанның инвестициялық қоры мен Kusto Group халықаралық компаниялар тобының құрамына кіретін KM-Skin Kazakhstan компаниясы Семейдегі былғары-тері фабрикасында жұмыс бастау туралы келісімге 3 мамырда қол қойды. Бұл туралы Инвестициялық қордың баспасөз қызметі хабарлады.
«Жаңа инвестор зауыттағы қызмет түрлерін жандандыратын болады, атап айтқанда, мал терілерін өңдеу, былғарыдан бұйымдар жасау және сату (экспорт үшін хромды теріден жартылай өңделген Wet blue өнімдерін, аяқ киім, тері былғары жасау) және аң терісінен тондар тігу», -деп хабарланды.
Былғары-тері зауытының қуаттылығы жылына 122 миллион шаршы дециметрге дейін жетеді, олар экспортқа бағытталған былғарыдан бұйымдар өндіру мен 47 мың тон және ішік жасай алады.
Баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл былғары-тері комбинаты Семей қалалық сотының шешімі бойынша 2014 жылы проблемалық жоба ретінде Қордың активіне берілген. Аталған кәсіпорынның бұрынғы иесі «СКМК» ЖШС-мен бірге Қор 2014, 2015 және 2017 жылдары оның жұмысын қалпына келтіруге тырысқан. Алайда, міндеттемелердің орындалмауына байланысты Семей қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің шешіміне сәйкес, «СКМК» ЖШС банкрот деп танылды.
Банкроттық туралы заң талаптарына байланысты, зауытты сақтау үшін аталған Қор 2019 жылдың 15 қарашасынан бастап кәсіпорынның мүлігін өз балансына алған және инвестор табылғанға дейін активті ұстау шығындарын төлеуге мәжбүр болған.
Инвестициялық қордың мәліметінше, қазіргі уақытта бұрынғы иесі жоғарыда аталған шешім үшін сотта дауласуда, бұл аталған комбинатты қалпына келтіру және іске қосу мақсатында инвесторға толықтай тапсыру рәсімін қиындатады. Соған қарамастан, Қор мен «KM-Skin Kazakhstan» ЖШС арасында Семейдегі былғары-тері фабрикасының мүлкін жалға алу одан кейін сатып алу құқығы туралы шарт жасалды. Жақында KM-Skin Kazakhstan кәсіпорында жұмыс істей бастайды.
«Қазақстан инвестициялық қорының негізгі міндеті - проблемалық активтерді қалпына келтіру және оларды кейіннен іске қосу болып табылады. Былғары және тері өндірісіне мамандандырылған кәсіби инвестордың қолында зауыттың жұмысы екінші рет қайта жанданады және 10 жылдан астам тұрған мекеме өз жұмысын бастайды деп сенеміз», - деп түсіндірді Қор Басқармасының төрағасы Ермек Сакишев.
Kusto Group халықаралық компаниялар тобы түрлі салаларда бизнес жасауда үлкен тәжірибесі бар және төрт құрлықтағы 10 елде орналасқан (Канада, Қытай, Грузия, Израиль, Қазақстан, Ресей, Сингапур, Түркия, Вьетнам, Украина) 30-дан астам компаниямен жұмыс істейді. Kusto Group-тың негізгі нарықтары - агробизнес, мұнай және газ, жылжымайтын мүлік, құрылыс материалдары. Қазақстанда Kusto Group бұған дейін Kazbeef сияқты ірі ауылшаруашылық жобасына (асыл тұқымды мал, бордақылау алаңдары, етті қайта өңдеу және ауылшаруашылығы, сонымен қатар ішкі және халықаралық нарықтарда жұмыс істейтін) инвестиция салған.
«Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ - бұл мемлекеттік даму институты және стресстік активтерді қайта құрылымдау және басқару саласындағы басқарушы компания. Қор «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрамына кіреді.