Ақтөбе облысында қант зауыты салынады
Бүгін Астанада VII Investment Aktobe-2022 халықаралық инвестициялық форумы барысында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен Omtis Ortadoğu Makina құрылтайшысы Ибрагим Гүлтекин қант зауытын салу жөніндегі жобаны іске асыру туралы Меморандумға қол қойды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Батыс Қазақстанда қант қызылшасынан ақ құмшекер өндіру жөніндегі ірі жоба мемлекет басшысының азық - түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және нарықты отандық өнімдермен қанықтыру жөніндегі тапсырмасы шеңберінде іске асырылатын болады", - деп атап өтті баспасөз қызметі.
Әкімдіктің мәліметінше, күрделі инженерлік жобаларды салуда үлкен тәжірибесі бар Omtis Ortadoğu Makina компаниясы 550 миллион доллар инвестициялауға дайын. Зауыттың қуаттылығы жылына 330 мың тоннаны құрайды. Өндірісте 180 жұмыс орны құрылады.
Investment Aktobe-2022 форумына 30-дан астам елдің дипломатиялық миссиялары, үкімет мүшелері, ұлттық холдингтер мен компаниялардың, қаржы институттарының, трансұлттық корпорациялардың басшылары, ірі шетелдік және отандық бизнес өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Халықаралық іс-шара өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстыру, қолайлы инвестициялық имиджді ілгерілету, сондай-ақ Ақтөбе облысының экономикасына отандық және шетелдік инвестициялардың келуін одан әрі ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың қыркүйек айында үкімет қант саласын дамытудың 2022 – 2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Ол қант қызылшасының егіс алқаптарын жыл сайын орта есеппен 6,5 мың гектарға ұлғайту және 38 мың гектарға дейін жеткізу жолымен зауыттарды шикізатпен қамтамасыз етуді көздейді. Ол үшін суару желілерінің құрылысы мен қайта құрылуы жүргізілетін болады, ылғал үнемдейтін технологияларды қолдану кеңейтілетін болады. Айналымға 10 мың гектардан астам жаңа суармалы жерлер енгізу жоспарлануда.
Кешенді жоспардың іс-шараларын іске асыруға шамамен 297 млрд теңге жеке инвестициялар және 129 млрд теңге бюджеттік субсидиялар тарту қажет.