Елді мекендердегі ауыл шаруашылығы жеріне салынатын салықты қайта қарауды фермерлер сұрайды
Қазақстанның Салық кодексінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге салынатын салықты есептеу екі бапта регламенттеледі. 503-бапқа сәйкес төлем гектарлық түрде есептеледі, бірақ 505 - бап елді мекендер шегінде - шаршы метрге негізделе отырып, салықты есептеудің өзге тәртібін көздейді. Бұл ретте төлем ондаған есе өседі. Осыған байланысты агробизнес Кодекстің осы бабын қайта қарауды сұрайды. Бұл туралы "Атамекен" ҰКП хабарлады.
Бұл мәселе Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысында талқыланды. Мемлекеттік кірістер департаментінің хабарлауынша, егістікке немесе жайылымға салынатын салық бір метрге 6,27 теңге норматив бойынша төленуі тиіс.
"Бұл салық сомасын ондаған есе арттырады. Бұл мәселе мемлекет үшін де, фермерлер үшін де өзекті. Бірінші жағдайда – бюджетті толықтыру, екінші жағдайда - салық жүктемесін ұлғайту", - деді кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Владимир Шакун.
Қостанай облысы бойынша МКД басшысының орынбасары Дамир Насыровтың айтуынша, жер қатынастары бөлімдері жасаған шарттарды тексеру кезінде маусым айында учаскелерге салық салу бойынша бұзушылықтар анықталған. Облыста осындай 174 учаске анықталды. Жер қатынастары бөлімдері 2018 жылы Салық кодексіне түзетулер күшіне енген кезде келісімшарттарды қайта жасасып, сомаларды қайта есептеуі керек еді. Бірақ жұмыс ескі стандарттар бойынша жалғасуда.
Тақырып бойынша оқу: АШМ тағы 5 млн га ауылшаруашылық жерлерін мемлекеттік меншікке қайтарады
Қостанай облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы бөлім басшысының м.а. Сәуле Мадееваның айтуынша, елді мекендер шегіне түскен жерлер бойынша шарттардың негізгі бөлігі 2019 жылға дейін жасалған және олар бойынша жер пайдаланушылар салықты дербес есептейді. 2019 жылдан бастап үлгілік шарт қолданылады. Енді бәрін сәйкестендіру керек.
Осы мәселені шешу үшін Салық кодексіне өзгерістер енгізу, елді мекен шегінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді көрсету және жеке норматив белгілеу ұсынылды.
"Заңнамаға өзгерістер енгізуді бастау керек, тек осылай ғана нәтижеге қол жеткіземіз. Содан кейін ғана бұл мәселеге нүкте қойылады. Біз мемлекеттік органның да, бизнестің де мүдделерін қорғаймыз", - деді Қостанай облысы Жер ресурстарын басқару департаментінің бөлім басшысы Татьяна Соболева.