Ауыл шаруашылығы министрлігі егіс жүргізу бойынша жедел штаб құрды
Егіс науқаны Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде басталды. Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан мемлекеттік органдар мен ұйымдарды, сондай-ақ облыстар мен қалалар әкімдерінің орынбасарларын тарта отырып, туындайтын мәселелерді шешу үшін жедел штаб құрылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
ОКҚ брифингінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек хабарлағандай, ағымдағы жылы егіс алқаптарының болжамды құрылымы 23,4 млн га деңгейінде қалыптасты, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 68,6 мың га артық. Күнбағыс, көкөніс және бақша дақылдары, картоп, дәнді дақылдар, бұршақ және жемшөп дақылдары, қант қызылшасы мен күріш алқаптарын ұлғайту жоспарлануда.
Қазіргі уақытта арнайы техника паркіне 400 мыңнан астам трактор, сепкіштер мен топырақ өңдеу құралдары, оның ішінде бір мезгілде бірнеше технологиялық операцияларды орындайтын 5 мыңнан астам заманауи егіс кешендері кіреді.
Көктемгі жұмыстарды жүргізуге өңірлерге 413 мың тонна дизель отыны бөлінді, бұл өткен жылғы деңгейден 13 мың тоннаға артық. Операторлардың шығыстарын ескере отырып, фермерлер үшін орташа баға литріне 204 теңгені құрайды, бұл нарықтық құннан 15-20% - ға төмен. Биылғы жылы арзандатылған ЖЖМ жөнелту ақпан айынан бастап оңтүстік облыстар үшін ғана емес, Солтүстік астық егетін өңірлер үшін де басталды.
Аграрлық несие корпорациясы Басқарма төрағасының орынбасары Марлен Нәбиевтің айтуынша, биылғы жылдың қаңтар айынан бастап дала жұмыстарын қаржыландыруға 140 млрд теңге бөлінген. Бюджеттен қаражат түсуін күтпестен, Аграрлық несие корпорациясы қолда бар ресурстар есебінен қаржыландыруды желтоқсан айында бастады. Жылдық 5% - бен 30,6 млрд теңге сомасына 847 фермер несие алды. Өтінімді қаржыландыруға 72,1 млрд теңгеге тағы 1 298 ауыл шаруашылығы өндірушісі мақұлданды. Жалпы, 3200-ден астам ауыл шаруашылығы өндірушілерін қамту және шамамен 2 млн га алқапта егіс пен егін жинауды қамтамасыз ету жоспарлануда.
Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы арқылы қаржыландыру да жалғасады. Секторға 55 млрд теңге, оның ішінде форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша және тауарлық несие беру арқылы бағытталатын болады.