Сиань қаласының құрғақ портында Қазақстанның логистикалық орталығының құрылысы басталды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға мемлекеттік сапары аясында Сиань қаласының құрғақ портында Қазақстанның логистикалық орталығының құрылысын іске қосудың онлайн-рәсіміне қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінгі оқиға ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуін құру жөніндегі бастамасымен толық үндеседі. Қазақстан көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударады және жаһандық жобаға барынша қолдау көрсетеді.
"Соңғы 15 жылда біздің еліміз осы салаға 35 млрд доллар инвестиция салды. Біз Ляньюньган портында қазақ-қытай логистикалық орталығын құрдық. Жаңа теміржол маршруттары ашылды. "Қорғас – Шығыс қақпасы" құрғақ порты жұмысын бастады. Каспий теңізінде заманауи инфрақұрылым құрылды. Бұл шаралар жүргізіліп жатқан жұмыстың бір бөлігі деп айтуға болады. Өткен жылы екі ел арасында теміржол арқылы 23 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл теңдессіз көрсеткіш. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жүктердің транзиті 35% - ға артып, 7 млн тоннадан асты. Біздің ынтымақтастығымыз мұнымен шектелмейді. Тасымалдауды одан әрі дамыту үшін қосымша инфрақұрылым қажет. Сондықтан қытайлық әріптестерімізбен бірге Сиань құрғақ портында логистикалық орталық салуды шештік. Бұл хаб Шэньси аймағын Қазақстанмен, Орталық Азиямен байланыстырады. Әрі қарай ол Еуропаға, Түркияға және Иранға жол ашады. Жобаның толық іске қосылуы екі елдің ынтымақтастығына жаңа серпін беретініне сенімдімін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келесі жылдан бастап құрғақ порт арқылы электроника мен компьютерлік компоненттерді, автомобильдер мен автокомпоненттерді, тоқыма бұйымдарын, киім-кешек, аяқ киім мен аксессуарларды, азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін, құрылыс өнімдері мен құрылыс материалдарын, сондай-ақ кендерді, металдарды және химиялық өнімдерді тасымалдау жоспарлануда.