07 июня 2023 Қазақстан

Сауда министрлігінде экспорттаушылардың неге субсидиясыз қалғанын түсіндірді

Мәжілістің жалпы отырысы барысында премьер - министрдің орынбасары - сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин министрліктің кінәсінен қазақстандық экспорттаушылар өткен жылы мемлекеттік қолдаусыз қалғанын мойындады.

Мәжіліс депутаты Николай Арсютин 2022 жылы министрлік KazakhExport тарапынан сақтандыруға жататын берілетін несиелер мен жасалатын лизингтік мәмілелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға 600 млн теңге мөлшерінде шығыстар жоспарлағанын хабарлады. 

"Үкіметтің есебіне сәйкес, бірде-бір экспорттаушы бұл ақшаны алған жоқ және қаражат игерілмеген күйінде қалды. Сіздің министрліктің кінәсінен бизнес мемлекеттік қолдаусыз қалды, бұл нарықтардың жоғалуына әкелуі мүмкін. Бұл ретте игерілмеудің бір ғана себебі көрсетілген - бұл сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау жөніндегі қағидалардың болмауы. Сіздің министрлік осы ережелерді әзірлеуі керек емес пе еді? Неліктен бұл уақтылы жасалмады және неге ведомстволық бағынысты институт 2022 жылы жұмысқа кіріспеді?",- деді мәжілісші Жұманғаринге.

Сауда министрлігінің басшысы субсидиялаудың тиісті ережелері жаздың аяғында - өткен жылдың күзінің басында қабылданғанын хабарлады.

"Бүгінгі күні олар бар. Алайда, қазір парламентте экспорттық сақтандыру агенттігі туралы заң жобасын қабылдау ғана бұл мәселені түпкілікті шеше алады. Маусым айының соңында бірінші оқылым жоспарланғанын естідім, биыл бұл заң жобасын толық көлемде алуға үміттенеміз. Ең басты себеп жоспарлау мен болжаудың дұрыс еместігі", - деді министр.

"Нәтижесінде бизнес кімнің кінәсінен мемлекеттік қолдаусыз қалды?",- деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

"Мен министрліктің кінәсін алып тастамаймын. Жауап келесідей болуы мүмкін: біздің министрліктің кінәсі", - деп мойындады Жұманғарин.