Қазақстанның ауыл шаруашылығына төнетін қатерлерді Қарашөкеев атап өтті
Қазақстан климаттың өзгеруінің салдарын толық көлемде сезінуде. Соңғы 45 жылда ел аумағындағы орташа жылдық ауа температурасының өсуі әр 10 жыл сайын 0,32 ºС құрады. Осындай қарқынмен 2085 жылға қарай Қазақстанның барлық солтүстік аудандары жартылай құрғақ аймақта болады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Римде өтіп жатқан БҰҰ-ның Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитінде сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жалпы жылыну нәтижесінде су ресурстарының жетіспеушілігі жайылымдардың деградациясына әкеліп соғады, көптеген ауылшаруашылық дақылдарына, соның ішінде бидайға – елдің негізгі экспорттық тауарларының біріне соққы береді, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомствода Қазақстан Үкіметі жаһандық жылыну процестерінің азық-түлік жүйесіне әсерін төмендету бойынша шаралар кешенін қабылдап жатқанын атап өтті. Оның ішінде көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу стратегиясы бекітілді, оның шеңберінде Ауыл шаруашылығын тұрақты жүргізу практикасын кеңейту көзделеді. Мысалы, мал шаруашылығында малдың генетикалық ресурстарын орнықты пайдалану, дамыту және сақтау, метан шығарындыларын азайту үшін технологиялық шешімдерді қолдану және жайылымдарды ұтымды басқару сияқты басқару әдістері енгізілетін болады.
"Климаттық оңтайландырылған ауыл шаруашылығының ауқымын кеңейту, атап айтқанда, көміртекті егіншілікті дамыту, дәл егіншілік қағидаттарын енгізу, климаттың өзгеруіне төзімді жаңа сорттарды шығару, органикалық ауыл шаруашылығы практикасын дамыту көзделіп отыр", - деді Ербол Қарашөкеев.
Бұдан басқа, климаттың өзгеруіне бейімделген отандық селекция жүйесін құруды көздейтін селекция мен тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылданды. Ол сондай-ақ тұқым материалының сапасын бақылау және оны сертификаттау жөніндегі бірыңғай мамандандырылған орган құруды көздейді.
"Елдің UPOV өсімдіктердің жаңа сұрыптарын қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияға қосылуы жоспарланған. Қазақстан өсімдіктердің генетикалық ресурстарына бай және біз жаңа сұрыптарды жасау кезінде отандық коллекциямызды пайдаланатын боламыз",- деп толықтырды АШМ басшысы.
Бұдан басқа, ФАО-мен бірлесіп Қазақстанда пестицидтердің өмірлік циклін басқару, құрғақшылық пен тұзданумен күресу, жайылымдық жерлерді қалпына келтіру жөніндегі Жаһандық экологиялық қордың жобалары іске асырылуда. БҰҰ-ның тиісті Конвенциясы шеңберінде шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспарын жаңарту бойынша жұмыс жүргізілуде.
Тақырып бойынша оқу: PÖTTINGER Қазақстанның құрғақ жағдайлары үшін егіс кешенін әзірлейді
Жалпы, Ербол Қарашөкеев Қазақстанда азық-түлікке қолжетімділік көрсеткіші соңғы 20 жылда айтарлықтай жақсарып, күніне 3100 ккал-ға жеткенін атап өтті. Бұл қолжетімді өнімдер санының өсуі халықтың өсуінен асып түсетінін көрсетеді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, БҰҰ-ның Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитіне 160 елден 2 мың адам, оның ішінде мемлекет және үкімет басшылары, министрлер мен ірі халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады.