АНК мал шаруашылығын сақтандыру кезінде субсидиялауға өтінімдерді қабылдауды қайта бастады
Аграрлық несие корпорациясы 29 қарашада мал шаруашылығы саласындағы сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялауға өтінімдерді қабылдауды қайта бастады. Бұл туралы корпорацияның баспасөз қызметі хабарлады.
«Сақтандырудың ерікті жүйесі шеңберінде аграршылардың Қазақстанның барлық аумағында ірі және ұсақ малдарды, жылқыларды, шошқаларды, сондай-ақ құстарды сақтандыруға мүмкіндігі бар. Мемлекеттік қолдау сақтандыру сыйлықақысының 80%-ын қамтуды көздейді, ал қалған 20%-ын фермер өзі төлейді», - деп АНК түсіндірді.
Корпорация сақтандыру өнімдері көп тәуекелді болып табылатынын және тәуекелдердің кең ауқымынан қорғауды қамтамасыз ететінін атап өтті, соның ішінде:
- жануарлардың жұқпалы және аса қауіпті аурулары;
- өрт және табиғи апаттар;
- үшінші тұлғалардың қаскүнемдік әрекеттері;
- жарылыс, найзағай, тұншығу, жабайы жануарлардың шабуылы, жылан немесе жәндіктердің шағуы және өмірге сәйкес келмейтін жарақаттар сияқты жазатайым оқиғалар.
Өтінімдерді беру Kezekte.kz платформада орналастырылған АӨК-тегі ақпараттық онлайн-сақтандыру жүйесі арқылы жүзеге асырылады.