Ақтөбе облысында суару жобаларына 3 млрд теңге тиімсіз жұмсалды
ҚР жоғары аудиторлық палатасы "Қазсушар" РМК қаржы-шаруашылық қызметі аудитінің қорытындысы бойынша тиімсіз жұмсалған бюджеттерді, суару бойынша мерзімінде іске асырылмаған жобаларды анықтады, сондай-ақ кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығының тәуекелдері туралы мәлімдеді.
Палатаның мәліметінше, жобалық менеджменттің қателіктері мен су тұтынушыларының қарыздары "Қазсушар" компаниясының қаржылық жағдайының тұрақсыздығына алып келді.
"Қазсушар" РМК-ның 98% - ға тең қаржылық тұрақтылығы іс жүзінде "ойдан шығарылған" болып табылады, өйткені бұл көрсеткіш табыс әкелмейтін және өндірісті дамытуға жұмыс істемейтін қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы (18,9 млрд теңге) бос ақша қаражатының қалдығы есебінен бұрмаланады. Аталған қаражат 2018 жылдан бастап шоттарда жинақталуда және төмендеу үрдісі жоқ", - деп атап өтті аудиторлық палатада.
Хабарланғандай, "Қазсушар" материалдық активтердің тозуы жоғары және мемлекеттік қаржыландыру тоқтатылған жағдайда тұрақсыз қаржылық жағдай оған жаңа активтерді дербес сатып алуға, сондай-ақ қолда бар активтерді толық көлемде жөндеуге және оларға қызмет көрсетуге мүмкіндік бермейді.
Аудиторлардың айтуынша, халықаралық қарыздар шеңберінде жобалардың әлсіз іске асырылуы кәсіпорынның қосымша шығындарының артуына әкеп соқтырды. Жобаларды түзету, іске асыру мерзімдерін кешіктірумен қатар, жалпы сомасы 1 725,2 млн теңгеге қарыз қаражатын резервтеу үшін комиссия түрінде кәсіпорынның қосымша шығындарына әкеп соқты.
"2018 жылдан бастап іске асырудың барлық кезеңінде халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздары бойынша жобалардың орындалуы 39% құрайды. Қарыздарға қол жеткізу мерзімі екі рет ұзартылғанына қарамастан, бүгінгі күні 61 жобаның 18 (29%), іске асыруда - 37 (61%) пайдалануға берілді, алты жоба бойынша (10%) жұмыс басталмады. Объектілерді жобалау кезінде жіберілген қателіктер, сондай-ақ ирригациялық жүйелердің сақталуын қамтамасыз етпеу себебінен Ақтөбе облысының тұрақты суару объектілерін реконструкциялау жөніндегі аяқталған жобаларын жер пайдаланушылар пайдаланбайды, бұл 3 011,8 млн теңге сомасына бюджет және қарыз қаражатын тиімсіз пайдалануға әкелді", - деп хабарлады жоғары аудиторлық палатада.
Сонымен қатар, бірқатар гидротехникалық құрылыстар бірнеше жылдар бойы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Кәсіпорында гидротехникалық құрылыстардың физикалық тозуын анықтаудың объективті әдістемесі жоқ, бұл олардың нақты жағдайы бойынша талдаудың бұрмалануына әкеледі. Гидротехникалық құрылыстарды автоматтандыру өте төмен деңгейде қалып отыр. 5 932 су шаруашылығы құрылыстарының тек 118-і автоматтандырылған (2%). Бұл ретте, осы 118 құрылыстың ішінде автоматтандыру тек 47-де (40%) жұмыс істейді.
Бұдан басқа, "Қазсушар" РМК әлеуметтік-экономикалық жағдайына теріс әсер ететін күрделі жүйелі проблема білікті кадрлардың тапшылығы және тәжірибелі мамандардың кетуі болып табылады.
"Барлық белгіленген кемшіліктер мен бұзушылықтар бойынша үкіметке "Қазсушар" РМК қызметін басқару тиімділігін арттыру бөлігінде тиісті ұсыныстар берілді. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне, Ақтөбе облысы мен Жетісу облысының әкімдеріне, "Қазсушар" ШЖҚ РМК анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою, заңнаманы бұзуға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды", - деп қорытындылады ҚР Жоғары аудиторлық палатасында.