Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды
ҚР президентінің Жарлығымен бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Жамбыл облысының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының қарауына өңір әкімі лауазымына екі кандидатура - Нұрбол Жүнісбеков пен Ербол Қарашөкеев ұсынылды.
Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 47 депутат Жүнісбековтің кандидатурасын қолдап, 142-сі Қарашөкеевке дауыс берді.
Ербол Қарашөкеев 4 қыркүйекте Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы қызметінен босатылды. Оның орнына Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Айдарбек Сапаров келді.
Жамбыл облысы ағымдағы жылы құрғақшылық пен суармалы су тапшылығына тап болды, нәтижесінде 300-ден астам фермер зардап шекті. Өтемақы төлеу үшін өңірде төтенше жағдай жарияланды.