Бәйтерек холдингі басқармасының құрамы өзгерді
Директорлар кеңесінің 2023 жылғы 29 тамыздағы шешімімен Үсен Ғалым "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болып сайланды. Бұл туралы ElDala.kz Қазақстан қор биржасына (KASE) сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Енгізілген өзгерісті ескере отырып, "Бәйтерек" холдингінің басқармасы төрт адамнан тұрады:
- Нұрболат Айдапкелов;
- Әділ Мұхамеджанов;
- Ерсайын Хамитов;
- Үсен Ғалым.
Естеріңізге сала кетейік, "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі - корпоративтік басқарудың озық стандарттарына сәйкес келетін және оны әртараптандыру, инновацияларды қолдау, экспортты дамыту, еңбек өнімділігін арттыру жолымен Қазақстан экономикасын орнықты дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін Қазақстан Үкіметінің негізгі институты.
"Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның жалғыз акционері ҚР үкіметі болып табылады.
"Бәйтерек" холдингі - 8 еншілес ұйымды қамтитын интеграцияланған даму институты: Холдингтің 100 пайыз қатысуымен "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ, "Отбасы банк" АҚ, "Даму" ӨДҚ" АҚ, "Қазақстандық тұрғын үй компаниясы" АҚ, KAZAKH EXPORT ЭСК, Qazaqstan Investment Corporation АҚ, "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ, "Bereke Bank" АҚ сияқты акционерлік қоғамдары. 2021 жылдың наурыз айында мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ Бәйтерек холдингіне қосылу жолымен қайта құрылды.
2022 жылы "Бәйтерек" холдингінің таза пайдасы 350 млрд теңгені құрап, 2020 жылғы нәтижеден бес есе және 2021 жылғы нәтижеден үш есе асып түсті. Өткен жылы "Бәйтерек" құрылымдары 685 млрд теңгеге 238 ірі жоба мен лизингтік мәмілелерді қаржыландырды. Шамамен 1,5 трлн теңге сомаға 50,5 мың жоба субсидияланды. Оның ішінде агроөнеркәсіптік кешен субъектілері 522 млрд теңгеге қаржыландырылды.
Биыл Аграрлық несие корпорациясы АӨК жобаларын қаржыландыруға 330 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр.