Ирандық компания Қазақстанда ірімшік өндірісін ашуды жоспарлап отыр
Ирандық Solico Group компаниялар тобы Алматы облысында қуаттылығы тәулігіне 100 тоннаға дейін ірімшік шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Жоба «Бәйтерек» холдингі басқармасының төрағасы Рустам Қарағойшин мен Solico Group компаниясының ТМД бойынша бас директоры Алиреза Мохаммад Рахими бастаған компания делегациясының кездесуінде талқыланды.
«Жобаны іске асыру 460 жұмыс орнын құруды және ішкі нарық үшін де, Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдеріне экспорт үшін де бәсекеге қабілетті өнім шығаруды көздейді», – деп «Бәйтерек» баспасөз қызметі хабарлады.
Жобаны қаржыландыру ірі индустриялық бастамаларды құрылымдау және сүйемелдеу тәжірибесі бар Қазақстанның Даму Банкінің қатысуымен қаралатын болады.
«Холдинг, әсіресе агроөнеркәсіптік секторда, қосымша құн құратын және экспорттық әлеуетті кеңейтетін жобаларға ерекше назар аударады. Әрбір бастаманың технологиялық талаптарға сай болуы және ұзақ мерзімді экономикалық нәтиже беруі маңызды. Келесі кезеңде инвестормен бірлесіп жоба параметрлерін егжей-тегжейлі пысықтау жүргізілетін болады», — деп атап өтті кездесуде Рустам Қарағойшин.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға және Қазақстанның тамақ индустриясы саласындағы өндірістік әлеуетті кеңейтуге бағытталған өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.