09:10 Мал шаруашылығы

Қазақстанның Ет одағы тозған жайылымдарды қалпына келтіре бастады

Қазақстанның Ет одағы Астанада өткен KazAgroFarm-2026 көрмесінің іскерлік бағдарламасы аясында тозған жайылымдарды қалпына келтіру жобасын таныстырды. Жобаның мақсаты – мал өсірушілерге тегін жемшөп көзі саналатын жайылымдардағы шөптің шығымын арттыруға көмектесу және соның нәтижесінде ет өндірудің өзіндік құнын төмендету. Қазақстанның Ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев ElDala.kz порталына жобаны іске асыру жоспарлары туралы айтып берді.

Жайылымдық жерлердің көлемі бойынша әлемде бесінші орында тұрған Қазақстанда бұл ресурс, әсіресе ауылдардың маңында, тапшы. Мал шамадан тыс жайылатын алқаптарда шөп тапталып, жер тозып жатыр. Алайда оларды қалпына келтіру бойынша ешқандай жұмыс жүргізілмейді.

«Ауылдарда ешкім жайылымдарды қайта егумен айналыспайды, себебі ортақ нәрсе ешкімдікі емес дегенді білдіреді. Өзіне ғана емес, өзгелерге де пайдасы тиетін іске кім қаржы салады?» – деді Мақсұт Бақтыбаев.

Биыл Қазақстанда етті мал шаруашылығын дамытуға бағытталған ауқымды бағдарлама басталды. Алайда жайылым тапшылығы жағдайында салаға тартылатын инвестициялар ақталмай қалуы мүмкін. Сондықтан Ет одағы фермерлерге жайылымдарға еркекшөп және басқа да азықтық дақылдардың тұқымын қосымша себуге көмектесуді ұсынды.

Жобаны табысты жүзеге асыру үшін, ең алдымен, қосымша себуге арналған тұқымдардың қымбаттығы мәселесін шешу қажет. Екінші міндет – шөп тұқымын себетін техникасы жоқ мал өсірушілерге қолдау көрсету.

«Біз тұқым алу мақсатында еркекшөп өсіре бастадық. Яғни тұқым бағасын қолжетімді еткіміз келеді. Сондай-ақ арнайы техника сатып алдық. Енді серіктес фермерлеріміздің жайылымдарына қосымша шөп тұқымын сеуіп, оның есесіне төл алуды жоспарлап отырмыз. Осындай бартерлік тәсілді ұсынғымыз келеді. Өйткені қазір көптеген фермерге жайылымды жақсартуға 10–20 млн теңге жұмсау қиын, ал бұл мақсатқа мемлекеттік қолдау қарастырылмаған», – деді Мақсұт Бақтыбаев.

Еркекшөп, эспарцет және басқа да шөптердің тұқымын қосымша себу алдағы бес жылда жайылымдардың мал азығын өндіру әлеуетін екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Оның үстіне, еркекшөп қуаңшылық жағдайында жақсы өседі. Ал мал шаруашылығы дамыған өңірлерде құрғақшылық жыл сайын дерлік қайталанады.

Ет одағы мал жаю кезінде ескеруді ұсынатын тағы бір маңызды мәселе – жайылымдарды кезектестіріп пайдалану. Яғни шөп егу жеткіліксіз, жерге жүктемеден кейін қалпына келуіне де уақыт беру қажет.

«Жайылымдарды периметрі бойынша және ішкі жағынан қоршау керек. Малды бір жерде ұзақ жаятын болсаңыз, шөп тапталып қалады да, өсімдік жамылғысын қалпына келтіру қиынға соғады. Сондықтан жайылымдарды кезектестіріп пайдалану қажет: бір учаскеде малды 2-3 аптадан артық жаюға болмайды. Жайылым – ұтымды пайдалануды қажет ететін ресурс», – деп атап өтті Мақсұт Бақтыбаев.

Ет одағы жобаны Ақмола облысында іске асыра бастады. Оны мал өсірушілердің кең ауқымына таныстыру үшін KazAgroFarm көрмесі аясында арнайы сессия ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Аграрлық маусым аяқталғаннан кейін өтетін көрмеге еліміздің түкпір-түкпірінен фермерлер жиналады. Алдағы уақытта тәжірибе жинақталып, жобаның экономикалық тиімділігі дәлелденген соң, Ет одағы оны ауқымды түрде іске асыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсынуды жоспарлап отыр. Бұл ретте мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану мүмкіндігі де қарастырылады.

KazAgroFarm-2026 халықаралық көрмесі 21–23 қазан аралығында Астанадағы EXPO көрме орталығында өтуде. Оған әлемнің 25 елінен 300-ден астам компания қатысып жатыр. Келушілер үшін кіру тегін.