Түркістан облысында 111 млн долларға ет кластері құрылады
Шымкентте өткен Қазақстанның жаһандық инвестициялар жөніндегі KGIR-2026 дөңгелек үстелі аясында Түркістан облысының әкімдігі мен «Nurym Group» ЖШС құны 111,1 млн доллар болатын ет кластерін құру туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шара аясында жалпы сомасы 4,8 млрд долларды құрайтын 22 құжатқа қол қойылды. Олардың қатарында инвестициялық келісімдер, меморандумдар және экономиканың түрлі салаларында жобаларды іске асыру жөніндегі негіздемелік келісімдер бар.
KGIR-2026 алаңына 40-тан астам елден 500-ден астам инвестор мен бизнес өкілі жиналды. Іс-шараны ашқан Қазақстанның премьер-министрі Олжас Бектенов тәуелсіздік жылдарында елімізге шамамен 500 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылғанын, оның 100 млрд доллардан астамы соңғы бес жылда келгенін атап өтті.
Үкімет басшысы шетелдік инвесторларды Қазақстанда жаңа жобаларды іске асыруға қатысуға шақырды. Ол басым бағыттардың қатарында агроөнеркәсіптік кешен мен ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу, азық-түлік өндірісі, өңдеу және химия өнеркәсібі, сондай-ақ машинасын жасау салаларын атады.
Олжас Бектеновтің айтуынша, шетелдік компаниялар жаңа бастамаларын жүзеге асыру үшін Қазақстанды таңдауды жалғастырып келеді. Атап айтқанда, Carlsberg Group сусын өндіретін кәсіпорнын ашты, Harvest Agro Holding ірі агроөнеркәсіптік кластер қалыптастырып жатыр, ал Mars үй жануарларына арналған жем өндіруді қолға алуда.